Қанат Ислам карьерасын аяқтады ма?

Боксшылардың рейтингін түзіп, статистикасын жүргізумен айналысатын әлемнің ең әйгілі сайты boxrec.com қазақ боксшысы Қанат Исламды өз тізімінен алып тастады. Бұл жайт расымен де көпшілік жанкүйерлерді алаңдатқаны рас.

Нақты айтқанда boxrec.com сайтында Қанат Исламның статусы «inactive» ретінде көрсетілген. Бұл боксшының карьерасын уақытша тоқтатқандығының немесе мүлдем бокспен қоштасқандығының белгісі. Сондай-ақ, әдетте boxrec.com сайты бір жылдан астам шаршы алаңға шықпаған боксшылардың да статусын осылай көрсетіп қояды. Ал Қанат Ислам соңғы рет өткен жылдың 9 қыркүйегінде жұдырықтасқан. Астананың «Сарыарқа» велокешенінде өткен жекпе-жек кешінде канадалық Брэндон Кукты 9-шы раундта нокаутқа түсірген. Бірақ, содан бері қолына былғары қолғабын кимеген. Яғни, шаршы алаңға шықпағанына бір жылдан асып кеткендіктен boxrec.com сайты боксшымызды өз рейтингінен алып тастаған.

Алайда, бұл Қанат Ислам карьерасын аяқтады деген сөз емес. Отандық «Вести.кз» спорт сайтына бірауыз себебін түсіндірген Қанат «Дәл қазір жарақатымды емдеп, келесі жекпе-жегіме дайындалып жатырмын. Карьерамды аяқтады деген ақпарат шындыққа жанаспайды», – деп жауап берген.

Ал біздің қолымыздағы ақпараттарға сүйенсек, Қанат Ислам жақында АҚШ-қа аттанып, оқу-жаттығу жиынынан соң өзінің кәсіпқой бокстағы 26-шы жекпе-жегін өткізбек. Бүгінге дейін Qazaq 25 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жеткен. Оның 20-сында қарсыласын нокаутпен ұтқан.

Дегенмен, Қанат Исламның жақында ғана 34 жасқа толғанын де ескеру қажет. Мұндай жаста ұзақ тұралап қалуға болмайды. Мұны боксшы да жақсы түсінетіні анық. Ал 34-ке дейін бірде-бір чемпиондық белбеудің иегері бола алмау Қанат үшін расымен де үлкен сын.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.