Айдар Шәрібаев – Нокаут деген шақырылмаған қонақ сияқты

Сәуірдің 12-сі күні АҚШ-та өзінің алғашқы чемпиондық жекпе-жегін өткізетін Айдар Шәрібаев Diamond Ring сайтына сұхбат беріп, алдағы айқасқа дайындығы туралы және қарсыласының қарымы жөнінде айтып берді.

– Айдар, әу баста басқа боксшымен жұдырықтасуыңыз керек еді. Алайда, кейін Канчиоға қарсы шаршы алаңға шығатыныңыз белгілі болды. Қарсыластың ауысқаны сізге қаншалықты әсер етті?

– Өзіме қарсы шыққан кез келген боксшыға құрметім зор. Оның үстіне, Эндрю Канчио – өте тәжірибелі, әрі күшті боксшы. Бұрынғы жекпе-жектерін қарап шықтым. Қарсыластарының көбін құлатқан екен. Жалпы, «Golden Boy» әлсіз боксшылармен жұмыс жасамайды ғой. Бұрын НВО-да да бірнеше рет көрініпті. Тек бұған дейін менімен жұдырықтасуы тиіс болған Энрике Тиноко солақай болатын. Жаттығу кезінде солақайларға қарсы дайындалдым. Ал Эндрю оңқай. Сондықтан, осы жағынан өзгеріс енгізуге тура келді.

– Жекпе-жекке физикалық тұрғыда, моральдық тұрғыда дайынсыз ба?

– Әлбетте, дайынмын. Тек қандай тактикамен шаршы алаңға шығатынымды айтпаймын. Өзімнің жоспарым бар. Өзіме үлкен жауапкершіліктің артылып отырғанын түсінемін. Көрермендер, жанкүйерлер, комментаторлар, қаптаған камера – бәрінің назары бізде болады. Дегенмен, шаршы алаңда қалатын екі боксшы ғана. Сондықтан, бар ойымды жинақтап, жарқын бокс үлгісін көрсете отыра, қарсыласымды әдемі жеңуге тырысамын.

– Нокаут күтейік пе?

– Нокаут деген шақырылмаған қонақ сияқты, қашан келіп қаларын білмейсің. Әрине, нокаут қумаймын. Менің мақсатым – Қазақстанда да мықты боксшылардың көп екенін Америка жұртшылығына дәлелдеу.

Естеріңізге сала кетейік, 12 сәуір күні АҚШ-тың Индио қаласында өтетін кештің басты айқасында мексикалық Франсиско Варгас (24-1-2, 17 KO) пен америкалық Род Салька (24-4, 4 KO) шаршы алаңға шығады. Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде өтетін бұл айқас 10 раундқа жоспарланып отыр. Ал басты андеркартында қазақстандық Айдар Шәрібаев (7-0, 6КО) америкалық Эндрю Канчиомен (17-4-2, 13 КО) айқасып, екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA Inter-Continental белбеуін сарапқа салады. Қазақстандық жанкүйерлер бұл жекпе-жектерді 13 сәуір күні таңертең «Setanta Қазақстан» телеарнасы арқылы тікелей эфирден тамашалай алады.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.