Ахмедовтың үлкен айқасын қашан көреміз?

Бүгін АҚШ-тың Голливудында өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық Али Ахмедов шаршы алаңдағы 12-ші жекпе-жегін өткізіп, кезекті рет нокаутпен жеңіске жетті. Алайда, Ахмедовтың үлкен айқастарын әлі күнге көре алар емеспіз.

23 жасар Алидің өзінен 10 жас үлкен америкалық боксшыны қалай нокаутпен жеңгенін біз де тамашаладық. Алты раундқа жоспарланған айқасты соңына жеткізбей, 4-ші раундта-ақ Хорхе Эскалантені жекпе-жектен бас тартуға мәжбүр етті.

Дегенмен, шыны керек, талай айқасты көрген жанкүйер ретінде бұл жекпе-жекке мүлдем көңіліміз толған жоқ. Жо-жоқ, Ахмедовтың мықтылығына еш шүбә келтірмейміз. Жерлесіміз расымен де өзінің бабында екендігін көрсетіп, қарсыласына титімдей де мүмкіндік бермеді. Барлық раундта тізгінді уысынан шығармай, әр жойқысымен Эскалантенің есін шығарып отырды. Сондықтан, бұл кездесудің ерте аяқталуы заңдылық.

Бірақ, кәсіпқой бокста жүргеніне екі жылдан асқан Ахмедов үшін Хорхе лайық боксшы емес еді. Бұрынғы жекпе-жектерін көрмеппіз. Әйтеуір, өмірінде 9 жекпе-жек өткізіп, соның жетеуінде жеңіске жеткен боксшы екен. Тек қарсыластарының барлығы жеңілістен көз ашпаған қайдағы бір «ноунеймдер». Яғни, Эскаланте қолдан рейтинг жасап алған жігіттердің бірі. Ахмедовке қарсы айқаста Хорхенің қаншалықты ебедейсіз, қорбаңдаған боксшы екендігін көрдік.

Ендеше мұндай боксшымен кездесіп, уақыт өткізу Ахмедовке қаншалықты қажет болды екен? Рейтингіне де бұл жекпе-жектің аса қатты әсер ете қоймасы анық. Жалпы, Алиді қашан үлкен айқастардан көреміз. Рас, былтыр желтоқсанда жасөспірімдер арасындағы WBC чемпионы белбеуін жеңіп алған. Қазір осы тұжырым бойынша бірінші ауыр салмақ дәрежесінің рейтингінде 21-ші орында. Оған WBC тұжырымының құрлықтық белбеуі үшін төбелесетін шақ баяғыда-ақ жеткен. Өз аяғын әзер алып жүрген боксшыларды төмпештей бергенше, чемпиондық жекпе-жекке тәуекел еткені дұрыс секілді. Әйтпесе, әлгі Эскаланте boxrec рейтингінде бар болғаны 486-шы сатыда. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Ахмедов аталмыш рейтингте үздік 40 боксшының қатарына кіреді. Айырмашылықты байқап тұрсыз ба? Алиге беделін асыру үшін өзінен рейтингі жоғары боксшылармен кездесу қажет.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.