Жиіркенішті жекпе-жек. Канело қарсыласын төрт рет нокдаунға түсіріп, супер орта салмақтың белбеуін жеңіп алды

16 желтоқсан 2018 ж.
Жиіркенішті жекпе-жек. Канело қарсыласын төрт рет нокдаунға түсіріп, супер орта салмақтың белбеуін жеңіп алды

Нью-Йорктің «Мэдисон сквер-Гарден» аренасында өткен жекпе-жек кешінде Сауль Альварес супер орта салмақтағы алғашқы кездесуін өткізіп, WBA regular чемпиондық белбеуін жеңіп алды.

DAZN стримингтік жүйесінің аясында өткен кәсіпқой бокс кешінде «Мексикалық сары баланың» қарсыласы британиялық Рокки Филдинг болды. Шаршы алаңда 27 рет жеңіске жетіп, біреуінде ғана жеңілген Рокки 15 жекпе-жегінде нокаутпен жеңіске жеткен екен. Дегенмен, кездесудің фавориті Канело болды. Қанша дегенмен, Альварес кәсіпқой бокс әлемінде өзін әбден дәлелдеген, техникалық арсеналы бай боксшы. Рас, шаршы алаңға шыққанда Филдингтің бойы да ұзын, құлашы да кең көрінді. Бірақ, кәдеңе жарата алмасаң, мұндай артықшылықтардан не пайда?.. Ал салмақ жағынан екеуінің де массалары шамалас екені байқалды.

Жекпе-жектің қалай өткеніне тоқталмай-ақ қояйық. Үш раундқа созылған кездесуде Филдинг төрт нокдаунға түсіп үлгерді. Бірінші раундтан бастап-ақ Канело оның әлсіз тұсын бірден тапты да, тек бүйірден ғана көздеумен болды. Ал Роккидің арсеналында джебтен басқа ешнәрсе жоқ екен, сол қолын алға созумен ғана жүрді.

Осылайша Сауль Альварес екінші орта салмақ дәрежесінде WBA regular чемпиондық белбеуінің иегері атанды. Бірақ, мұндай атақтан садаға кетсін, бір мықты боксшының әлсіз қарсыласын бас-көз демей төмпештеп жатқаны жиіркенішті көрінеді екен. Мұндай жекпе-жекті кезінде Геннадий Головкин де өткізген. 2013 жылдың 30 наурызында оның да қарсыласы Нобухира Ишида өте бойшаң, әрі ыңғайсыз болатын. Triple G де жапониялықты үшінші раундта құлатқан. Бұдан бөлек, Доминик Уэйд те сондай қарсыластардың бірі болатын. Сондықтан, Канело үшін бұл жекпе-жек жаңа жыл қарсаңындағы керемет сый болды. Бір жағынан супер орта салмақта өзін сынай алды, екінші жағынан әлсіз қарсыласты жеңіп, чемпиондық белбеудің иегері атанды.

Қалай десек те, Сауль Альварес үш салмақ дәрежесінде де чемпион атанған он шақты мексикалықтардың қатарына кірді. Егер бойының аласалығы болмағанда біз оны «крузервейттен» де көріп қалуымыз ғажап емес еді.

Текст: Sadvakas Maikibayev