Жеңілістің кермек дәмін татпаған жігіттеріміз шаршы алаңға шығады

24 ақпан 2020 ж.
Жеңілістің кермек дәмін татпаған жігіттеріміз шаршы алаңға шығады

Бірінші орта салмақтағы Садриддин Ахмедов (11-0, 10 KO) 12 наурыз күні Монреалда он екінші жекпе-жегін өткізуі керек. WBC тұжырымы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионының бұл жолғы қарсыласы – 32 жастағы Мексика жігіті Марио Альберто Лозано (33-10, 24 KO).

28 наурыз күні Жәнібек Әлімханұлы (8-0, 4 KO) Канадада тоғызыншы жекпе-жегін өткізеді. Соңғы ақпараттарға сенсек, қарсыласы америкалық Дмитриус Баллард (20-0-1, 13 KO) болуы тиіс. Бұл жекпе-жек ресейлік Артур Бетербиев пен қытай Фаньлун Мэн арасындағы айқастың андеркардында өтеді.

Бірінші орта салмақтағы Мадияр Әшкеев (14-0, 7 KO) сәуір айында кезекті жекпе-жегін өткізеді. Қарсыласы әлі белгісіз. Ол қазір АҚШ-та дайындалып жүр. Алдағы жекпе-жегіне дайындалып жатқанын өзі жариялап, әлеуметтік желідегі жеке парақшасына қысқа ғана бейнеролик те салды.

Жеңіл салмақтағы Нұртас Әжбенов (8-0, 3 KO) 6 наурыз күні Дубайда шаршы алаңға шығатын болып, дайындалып жатыр. Ол Біріккен Араб Әмірлігінде 29 жастағы Филиппин боксшысы Джей-Ар Магбумен (18-4-2, 9 KO) жұдырық түйістіреді.

Сондай-ақ ең ауыр салмақтағы Жан Кособуцкий (12-0, 11 KO) дәл осы Дубайда өтетін бокс кешінде келесі жекпе-жегін өткізеді. Жанның да әзірше қарсыласы белгісіз. Жақында ол промоутерін ауыстырып, Universum Box-Promotion компаниясымен келісімшартқа отырған.

Бірінші орта салмақтағы Қанат Ислам (27-0, 21 KO) және екінші жартылай орта салмақтағы Бекман Сойлыбаев (12-0, 4 KO) наурыз айында, Алматы төрінде келесі жекпе-жектерін өткізуі тиіс. Бірақ Қанаттың бұл бокс кеші жайлы ресми ақпараттар әлі жоққа тән.