Жалғас Жұмағұловтың UFC сегізбұрышындағы қарсыласы жарияланды

4 наурыз 2020 ж.
Жалғас Жұмағұловтың UFC сегізбұрышындағы қарсыласы жарияланды

Шетелдік басылымдар бүгін Жалғас Жұмағұловтың UFC сегізбұрышындағы алғашқы қарсыласын жариялап, жарыса жазды. Бірақ бұл нақты шешім (бекітілім) емес, олардың өздерінің сенімді дерек көздерінен алған ақпараттары екен. Мәселен, mmajunkie басылымы «бұл ақпаратты бізге мәлімдеген екі адам аты-жөндерін атамауымызды өтінді» деп ағынан жарылды...

Енді сол шетелдік басылымдардың ақпараттарына сенсек, Жалғас Жұмағұлов 13 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында «UFC Fight Night 176» айдарымен өтетін кеште Америка спортшысы Джордан Эспиносамен айқасатын көрінеді. Алайда, тағы да қайталап жазамыз, бұл жекпе-жек жайлы ұйымдастырушылар тарапы әлі ешқандай ресми мәлімет таратқан жоқ.

Десек те, 30-дан асқан Джордан Эспиносаның октагондағы көрсеткіштеріне қысқаша ғана тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз. Ол UFC туы астында үш жекпе-жек өткізген. Тырнақалды кездесуінде өзінің отандасы Эрик Шелтонды жеңген болатын. Бірақ бұдан кейін екі рет жеңіліске ұшырап, Мэтт Шнелл және Алекс Перес сынды жерлестері тұншықтыру әдісін қолданғанда, өз еркімен берілуге мәжбүр болған...

Ал Жалғасты білесіздер, күзге салым 32-ге толады. Жалпы, аралас жекпе-жек өнерінде 13 рет жеңіске жеткен. 6 рет нокаутпен басым түсіп, бір рет қарсыласын өз еркімен берілуге мәжбүр еткен (сабмишн). Үш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Соңғы жекпе-жегін 2019 жылы 19 қазанда, «Fight Nights Global 95» турнирінде өткізіп, ресейлік Али Багаутиновты төрешілердің екі айырылған шешімімен жеңген.