Василий Левит қаба сақалымен Токио Олимпиадасының лицензиясына ие болды

8 наурыз 2020 ж.
Василий Левит қаба сақалымен Токио Олимпиадасының лицензиясына ие болды
Фото - olympic.kz

Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы Токио Олимпиадасының іріктеу турнирі мейілінше қыза түсті. Бүгін күндізгі сессияда үш боксшымыз шаршы алаңға шығып, үшеуі де жеңіске жетті. АБылайхан Жүсіпов пен Бекзат Нұрдәулетовтен кейін Василий Левит те жеңіске жетіп, Олимпиада жолдамасын жан қалтасына басты.

91 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын Василий Левит Амман шаршы алаңына бірінші рет шығып, тәжік Давлат Болтаевпен жұдырық түйістірді. Левиттің деңгейі жоғары, тәжірибесі молырақ екені жекпе-жек басталған бетте-ақ байқалып тұрды. Тәжік боксшысы тек бірінші раундта ғана лайықты деңгейде қарсылық көрсете алды.

Бұдан кейін, әсіресе екінші раундтың орта тұсынан бастап, бұл жекпе-жек Левиттің үстемдік құруымен өтті. Мұны төрешілер шешімінен де байқай аласыздар. Есеп – 5:0 (30;27, 30:26, 30:27, 30:27, 30:26). Осылай, Рио Олимпиадасында күміс жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болған Василий Токиоға баратын болып, төрт жылда бір өтетін дүбірлі дода жолдамасына ие болды.