Усик жеңді, бірақ мықты болған жоқ

29 қаңтар 2018 ж.
Усик жеңді, бірақ мықты болған жоқ

Александр Усик пен Майрис Бриедистің жекпе-жегінде украиналықтың минустарын ғана емес, Майристің мықтылығын да байқадық. Иә, Усик жеңді, бірақ мықты болған жоқ.

Кеше Латвия астанасы Ригада Дүниежүзілік бокс суперсиясының жартылай финалы аясында жергілікті Майрис Бриедис пен украиналық Александр Усик айқасып, финалға жолдама алған алғашқы боксшының есімін анықтады.

Төрешілердің біреуі 114:114 есебін тіркесе, екеуі 115:113 есебімен жеңісті украиналыққа беріпті. Иә, төрешілердің шешіміне ешкім наз айта алмайды. Бірақ Бриедис Усикке соншалықты қарсылық көрсете алады деп біз де ойламаған едік. Бірінші раундтан-ақ латвиялық алып WBC чемпиондық белбеуін босқа тағынып жүрмегенін көрсетті. Тіпті, төртінші раундқа дейін украиналықты тықсыртып, Усиктің апшысын біраз қуырған еді. Дегенмен, жекпе-жектің ортасынан бастап украиналық боксшы тізгінді өз қолына алды. Ары қарай латвиялық боксшыдан сәл де болса артық болды. Усик финалда.

Бірақ, Энтони Джошуаны жекпе-жекке шақырып жүрген боксшының айқасына ұқсамады бұл. Жылдамдық аз және соққы әлсіз. Тіпті, соңғы раундта өзі де құлап қалуға шақ қалды. Сондықтан, Александр Усикке аса ауыр салмақ дәрежесіне ауысу әлі ерте секілді. Алдымен денесі өзімен бірдейлерді жеңіп алсын.

Текст: Sadvakas Maikibayev