Әуесқойда қазақтардың қолдарына түспепті

22 ақпан 2020 ж.
Әуесқойда қазақтардың қолдарына түспепті

Дәл қазір бокс әлемінде америкалық Деонтей Уайлдер (42-0-1, 41 KO) және британдық Тайсон Фьюри (29-0-1, 20 KO) арасындағы жекпе-жекке деген қызығушылық – өте жоғары. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, бұл кездесу боладысымен-ақ бокс жанкүйерлерінің дегбірін алып тұр. Өйткені осы жекпе-жектен кейін, дәл қазір кәсіпқой бокстағы ең ауыр салмақта кімнің бірінші, кімнің екінші екенін білетін боламыз десек, асыра сілтегендігіміз бола қоймас.

Иә, дәл осы жерде сіздер «тоқтаңыз, ал Энтони Джошуа ше» деп кейіс білдіретін де шығарсыздар. Беделді төрт тұжырым бойынша төрт бірдей чемпиондық белбеуді арқалап жүрген Джошуаны ұмытқан жоқпыз. Бірақ ол былтыр жазда Энди Руистен техникалық нокаутпен ұтылып қалғалы (осыдан екі жарым ай бұрын есесін қайтарып, төрт белбеуін қайтарып алса да), Уайлдер мен Фьюридің көлеңкелерінде қалып қойғандай...

Сонымен, біздің уақытпен ертең, яғни 23 ақпан күні таңертең Лас-Вегас төрінде қарымта матч өткізіп, WBC тұжырымы бойынша ең ауыр салмақтағы чемпиондық атақты сарапқа салынады. Алыптар арасындағы бұл жекпе-жекті біз де сарыла күтіп отырмыз. Олар қарымта кездесулері қарсаңындағы міндетті салмақ өлшеу рәсімінен де өтті. Онда Уайлдер 231 фунт (104,78 келі) болып, Фьюри одан біршама ауыр тартқан – 273 фунт (123,83 келі).

Өздеріңіз жақсы білесіздер, Уайлдер де, Фьюри де рингтегі карьераларын әуесқой бокстан бастаған. Ресми мәліметтерге жүгінсек, Деонтей әуесқойда шамамен 35 жекпе-жек өткізіп, оның бесеуінде ұтылып қалған. Ал Тайсон 34 рет шаршы алаңға шығып, төрт мәрте жеңілістің кермек дәмін татқан. Әрі 30 жеңісінің 26-сын нокаутпен аяқтаған.

Шынымызды айтайық, бізге «Уайлдер әуесқой бокста бір қазақ жігітінен ұтылған» деген хабар жетті. Бірақ біз ондай ресми деректі кездестірген емеспіз. Әйтсе де, Деонтей Уайлдер мен Тайсон Фьюридің әуесқой бокс рингтерінде сіз бен біз білетін қандай боксшылардан ұтылғандарын естеріңізге сала кеткенді жөн көрдік.

Деонтей Уайлдердің әуесқой бокстағы айтулы жеңістері 2007 жылдан басталған. 2007 жылғы әлем чемпионатына қатысып, бірінші айналымда ұтылған. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында, нақтырақ айтқанда, 91 келі салмақ дәрежесінде қола медаль олжалаған. Жартылай финалда Италия үміті Клементе Руссоға жол берген болатын (1:7 есебімен).

Бірақ қызықтың бәрі осы Бейжің Олимпиадасы қарсаңында болады. Деонтей 2008 жылы 29 ақпан күні Новосибирск қаласында өткен Ресей – АҚШ құрамаларының еуеуара кездесуінде Евгений Романовтан техникалық нокаутпен жеңіледі (үшінші раундта). Одан кейін Магнитогорскіде өткен Ресей – АҚШ құрамаларының матчтық кездесуінде тәжірибелі Рахим Чахкиевтен басым түседі (11:10).

Ал Чахкиев Бейжің Олимпиадасының финалында Уайлдерді жеңген Клементе Руссоны ұтып, Олимпиада чемпионы атанады. Реті келгенде айта кетейік, сол жылдары біздің боксымыздың ең осал тұсы дәл осы 91 келі салмақ дәрежесі болатын. Біздің бұл салмақтағы жігіттеріміз тіпті Бейжің Олимпиадасына бара да алмаған...

Тайсон Фьюри болса, кәсіпқой боксқа ерте (20 жасында) ауысқан. Сондықтан біз білетін боксшылармен жасөспірімдер және жастар арасындағы додаларда кездескен. Мәселен, 2006 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалында (+91 келіде) өзбек Сардор Абдуллаевтан ұтылып (31:36), қола медаль иеленген. Ал 2007 жылғы жас боксшылар арасындағы Еуропа чемпионатының финалында ресейлік Максим Бабаниннен ұтылып (11:24), күміс жүлдегер атанған.

Мүмкін, сіздер білерсіздер, Уайлдер мен Фьюри әуесқой бокс рингінде Қазақ елі жігіттерімен жолдары түйісіп, кездесті ме?.. Естеріңізге сала кетейік, Уайлдер мен Фьюри арасындағы қарымта жекпе-жекті сіздер жексенбі күні таңертең "Хабар" арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.