Тайсон Фьюри – Деонтей Уайлдер жекпе-жегінен 16 916 440 доллар түскен

25 ақпан 2020 ж.
Тайсон Фьюри – Деонтей Уайлдер жекпе-жегінен 16 916 440 доллар түскен

Ең ауыр салмақтағы WBC чемпионы атағы сарапқа салынған британдық Тайсон Фьюри (30-0-1, 21 KO) және америкалық Деонтей Уайлдер (42-1-1, 41 KO) арасындағы жекпе-жектен қыруар қаржы түскен. Беделді Boxingscene.com басылымының мәлімдеуінше, Лас-Вегастағы осы жекпе-жек өткен MGM Grand Garden аренасында ине шаншар орын болмаған.

Нақтырақ айтқанда, осы кештің ресми өкілдерінің мәлімдеулерінше, 15 816 адамға билет сатылған. Ал MGM Resorts International өкілінің мәлімдеуінше, бұдан 16 916 440 доллар ақша түскен. Бұл – ең ауыр салмақтағы жаңа рекорд! Бұған дейінгі ең жоғарғы түсім 1999 жылы Эвандер Холифилд пен Леннокс Льюис арасындағы екінші жекпе-жектен түскен екен – 16 860 300 доллар.

Естеріңізге сала кетейік, 1999 жылы қараша айында өткен 12 раундтық жекпе-жекте Леннокс Льюис төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетіп, абсолютті әлем чемпионы атанған. Яғни WBC, WBA және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атақ пен белбеуді біріктіріп, жеңіп алған. Сөйтіп, ауыр салмақтағы әзірше соңғы абсолютті әлем чемпионы болды...

Осы ретте тағы да қайталап өтейік, Фьюри мен Уайлдер арасындағы екінші жекпе-жектен түскен қаражат – тек ең ауыр салмақтың рекорды. Жалпы, бұл көрсеткіш кәсіпқой бокстағы барлық рекордтардың ішінде жетінші орында екен. Бұдан жоғары тұрғандардың бәрі басқа салмақ дәрежелерінде тіркелген көрінеді.

Мәселен, көш басында – жартылай орта салмақтағы Флойд Мейвезер-кіші мен Мэнни Пакьяо арасындағы мегафайт. Бұл жекпе-жек 2015 жылы мамыр айында өтіп, 72 198 500 долллар түскен. Ал екінші орында – 2017 жылы тамыз айында өткен, орта салмақтағы Флойд Мейвезер мен Конор МакГрегор айқасы. Бұл жекпе-жектен 55 414 865,79 доллар түскен.