Серік Теміржанов парсы боксшысының қабағын жарып, Олимпиада жолдамасын жеңіп алды

10 наурыз 2020 ж.
Серік Теміржанов парсы боксшысының қабағын жарып, Олимпиада жолдамасын жеңіп алды
Фото - kfb.kz

Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы Токио Олимпиадасының іріктеу турнирінде ширек финалдық жекпе-жектер аяқталды. Ерлер арасындағы Қазақстан құрамасынан рингке ең соңынан 57 келі салмақ дәрежесіндегі Серік Теміржанов шықты. Ол Иран боксшысы Даниал Шахбахшпен жұдырық түйістірді.

Гонг үні естілген бетте екеуі де алға қарай ұмтылды. Содан тізгін тартпай, бірін-бірі төпелеумен болды. Қиян-кескі айқаста ауаны осып өткен, қиыс кеткен соққылары аз болған жоқ. Әйтсе де, Серіктің соққылары көбінесе қарсыласына тиіп жатты. Ал Иран жігіті асыға бастады. Теміржанов одан жылдамырақ қимылдап, жылпыңдау болды.

Осылай екі раунд өтіп, ұпай санымен Серік ұтып жатқан. Үшінші раундта парсы боксшысының оң қабағы жарылды. Қан сорғалап аға бастаған соң, төреші жекпе-жекті тоқтатып, дәрігерге тексертті. Медицина маманы оның жекпе-жекті жалғастыруына рұқсат бергенімен, Жекпе-жек қайта жалғасқан еді. Алайда Иран құрамасының жаттықтырушылары рингке орамал лақтырды...

Сөйтіп, жекпе-жек тоқтатылып, жеңіс Серікке берілді. Негізі ол ұпай санымен күмәнсіз ұтып жатқан. Кім біледі, Иран жаттықтырушылары оны Олимпиада жолдамасы үшін өтетін қосымша жекпе-жекке сақтауды ойлаған шығар. Жарақатын ушықтырып алмау үшін осындай шешім қабылдаған болар деп топшыладық.

Сонымен Серік Теміржанов (57 келі) жетінші жолдамаға ие болды. Оған дейін, кешеден бері Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі), Закир Сафиуллин (63 келі) сынды күрзі жұдырықты қырандарымыз Олимпиада лицензиясын жеңіп алған.

Тек 52 келі салмақ дәрежесіндегі Сәкен Бибосынов бүгін ұтылып қалып, жартылай финалға шыға алмады. Бірақ Олимпиада лицензиясынан үмітін әлі үзген жоқ. Қалған екі жолдаманың бірі үшін тағы бір жекпе-жек өткізеді. Ал қыздар арасында бәрі де – керісінше. Әзірше тек Надежда Рябец (75 келі) қана Олимпиада жолдамасына ие болды.