Сэм Катковски – Биыл Бекман Сойлыбаевты чемпиондық айқасқа шығарсақ дейміз

10 сәуір 2017 ж.
Сэм Катковски – Биыл Бекман Сойлыбаевты чемпиондық айқасқа шығарсақ дейміз

Наурыз айында мексикалық Герман Меразды жеңген «Diamond Ring» боксшысы Бекман Сойлыбаевтың дәл қазір елге оралу жоспарында жоқ. Жақын уақытта қазақстандықты АҚШ-та кем дегенде тағы бір жекпе-жек күтіп тұр. Осы және Сойлыбаевтың өзге де жоспарларымен боксшымыздың Америкадағы менеджері Сэм Катковски айтып берді.

– Сэм, алдымен Бекманның алдағы жекпе-жегі жайлы білсек деп едік. Жоспарыңызбен бөліссеңіз.

– Біз қазір шоу жасаудың қамымен жүрміз. Екі вариант бар. Сәуірдің 29-ында мексикалық боксшымен жұдырықтасуды ойлап жүрміз немесе 18 мамырда тағы бір айқас өткізу ойда бар. Қазір біз осының барлығын жүзеге асыру жолындамыз. Бұйыртса, келесі аптада бәрі толық белгілі болуы тиіс.

– Ендеше ол жекпе-жектер неше раундтан тұрады?

– Он раундтық жекпе-жектерді қарастырып жатырмыз. Бұған дейінгі айқас сегіз раундтан тұруы тиіс болған. Бірақ, қарсылас келіспегендіктен алты раундқа қысқарттық. Дегенмен, өткен жекпе-жектегі жағдай қазір аса маңызды емес. Өйткеніғ спаррингтер кезінде Бекман 10-12 раунд жұдырықтасып жүрді.

– Бекманның алдағы қарсыласы кім болуы мүмкін? Айта аласыз ба?

– Әзірге қарсыластың кім болатындығы жайлы айтқым келмей отыр. Бір-екі вариант бар. Солардың арасынан таңдаймыз. Біреуі Мексика боксшысы болса, екіншісі Оңтүстік Американыкі. Негізі бокста алдын ала қарсыласты айтуға болмайды. Өйткені, бәрі күрт өзгеріп кетуі мүмкін.

– Ендеше қарсылас таңдау барысында қандай талаптар қоясыздар?

– Бірінші ретте мықты болуы тиіс. Шаршы алаңда Бекман одан бірнәрсе үйрене алатындай болуы шарт. Әлсіз қарсылас боксшының карьерасына кері әсер етеді. Қарсылас таңдау барысында біз оның жұдырықтасу мәнеріне, Бекманға қаншалықты келетіндігіне қараймыз. Лас боксшыдан аулақ жүреміз. Дегенмен, әртүрлі стильдегі боксшылар да өте пайдалы. Бұл боксшымыздың жан-жақты дамуына пайдасын тигізеді. Бойшаң, қысқа бойлы боксшылармен де жұдырықтасып тұрған дұрыс. Кез келген қарсыласқа дайын болу қажет.

– Бекман Сойлыбаевқа жақын болашаққа қандай жоспар құрып отырсыздар?

– Биыл әлем чемпионы атағына айқасу жағын жан-жақты қарастырып жатырмыз. Алдымен бізді сәуір және мамыр айларында ірі кездесулер күтеді. Одан кейін жазда WBС Silver немесе WBA International чемпиондық белбеулеріне шығарғымыз келеді. Бәрі де тек бізге емес, әлгі ұйымдарға да байланысты. Ал ең соңында жыл тәмамдала бере Бекманды әлем чемпионы атағына айқасу үшін шаршы алаңға шығаруды жоспарлаймыз.

– Қазір Сойлыбаевта WBA NABA және WBC EPBC чемпиондық белбеулері бар. Бұл атақтар боксшының карьерасының дамуына қаншалықты пайдасын тигізіп жатыр?

– Кәсіпқой карьерасын енді ғана бастаған боксшы үшін кез келген чемпиондық атақ маңызды. Біріншіден, белбеуді беліне тағудың өзі талай боксшының арманы. Бұл алғашқы қадам, бірақ соңғысы емес. Қандай жекпе-жек болмасын, Флойд Мейвезер секілді, құдды бір, бірінші рет шаршы алаңға шығып тұрғандай көзі жанып тұруы тиіс. Жаттығуы да соған сәйкес болуы шарт. Чемпиондық айқас немесе жәй ғана жекпе-жек деп бөлмеу керек. Бәріне бірдей дайындалған дұрыс.

– Бекманның жаттығу жұмыстарын көрдіңіз бе? Оның шаршы алаңдағы жағдайы жайлы не айта аласыз?

– Уақыт өткен сайын Бекманның АҚШ-тағы жаттығуының нәтижесі көрініп жатыр. Алғаш Америкаға келгенінен бастап білемін. Жетіліп келеді. Әлбетте, кейде бір дегенде, кейде қайталап жаттыққандығының нәтижесінде, әйтеуір, техникасын жетіліріп жатыр. Бұл бізді қуантпай қоймайды. Әуесқойдан кәсіпқойға алғаш ауысқан кезінде біздің бірінші реттегі мақсатымыз – әуесқой бокстағы қателіктерінің барлығын жою болған. Қазір мақсатымызға жеттік. Ол да кәсіпқой бокстың қандай болатынын түсіне бастады. Қазір бокста финт жасайтын дәрежеге жетті. Аяқпен жақсы жұмыс жасайтынын бұрыннан білетін едік. Қазір Бекман қажет болса аяқпен билеп, керек десеңіз, көше төбелесіне де бара алады. Жекпе-жек барысында лезде-ақ жұдырықтасу мәнерін өзгерте алатын қабілеті ұнайды. Біз оны Василий Ломаченко, Скот Куиг сынды чемпиондарға қарсы тексеріп көрдік. Сынағымыздан мүдірмей өткені былай тұрсын, кез келген сәтте чемпиондық атақ үшін айқаса алатындығын дәлелдеді. Бірақ, алда бізді әлі талай жұмыс күтіп тұр.

Текст: Sadvakas Maikibayev