Сүйінші, Diamond Ring кәсіпқой бокс қызығын Қазақстанға әкеледі

3 наурыз 2016 ж.
Сүйінші, Diamond Ring кәсіпқой бокс қызығын Қазақстанға әкеледі

Сүйінші, отандық Diamond Ring промоутерлік компаниясы кәсіпқой бокстың қызықты жекпе-жектерін Қазақстанға әкеледі.

Сарыарқа төсінде делебені қоздырар шектен тыс шиеленісті айқастар ұйымдастырады. Diamond Ring – қазақ топырағында кәсіпқой бокс индустриясын дамыту мақсатында құрылған компания. Әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа ауысқан талантты жас жігіттерімізге жағдай жасап, оларды халықаралық аренаға шығарып жүр.

Негізі, Diamond Ring промоутерлік компаниясы қазақтың жүректі жігіттерін тәрбиелеп, шеберліктерін шыңдаумен айналысады. Кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы шым-шытырық «шайқастарға» өзіміздің өрендерімізді үкілеп қосып келеді.

Әзірше, аталған промоутерлік компанияның қанатының астында үш боксшы бар. Олар – Бекман Сойлыбаев, Елдос Сарқұлов және Берікбай Нұрымбетов. Diamond Ring енді осы үш жігітіміздің кезекті жекпе-жектерін Астанада өткізбек. Америка мен Украина жанкүйерлері тәнті болған боксшыларымыздың өнерлерін енді өзіміз көзбе-көз тамашалай аламыз.

Естеріңізге сала кетейік, Бекман Сойлыбаев жақында ғана WBA-NABA USA тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуге таласып, Мойсес Дельгадилломен жұдырық түйістірген болатын. Әрі Мексика майталманын жеңіп, екінші жартылай салмақ дәрежесінде Солтүстік Американың чемпионы атанып келген.

Білесіздер ме, осы жекпе-жекте Бекманның шаршы алаңда «жорғадай желіген» қимыл-әрекетіне һәм шапшыңдығы мен жылпыңдығына АҚШ жанкүйерлері сүйсініп, ортаға «уыстап» ақша лақтырған болатын…

Енді Америка мамандары мен жанкүйерлерін еліткен осы бір қазақ жігітінің, яғни бесаспап Бекманың өнеріне өзіміз де куә бола аламыз.

Күтіңіздер, құлақтарыңызды түріп жүріңіздер, мамыражай мамыр айында Diamond Ring Астана төрінде бұрын-соңды қазақ топырағында болмаған бокс кешін өткізеді!