Ригондо нок-АУТ, Ломаченконың ендігі қарсыласы кім болмақ?

10 желтоқсан 2017 ж.
Ригондо нок-АУТ, Ломаченконың ендігі қарсыласы кім болмақ?

Бүгін Нью-Йоркте Василий Ломаченко мен Гильермо Ригондо жұдырықтасып, украиналық «Хай-Тек» қарсыласын еш қиындықсыз ұтты. Алтыншы раундтан кейін кубалық «шибөрі» жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Алайда, шынтуайтына келгенде, бұл айқастың осылай аяқталатыны әу бастан белгілі еді. Ал Ломаченконы алда енді не күтіп тұр?

Жақында ютубты ақтарып отырып үлкен ара мен өрмекшінің төбелесіне тап болдым. Өрмекшінің қаншалықты қауіпті екенін білетін ара қарсыласына бірден тап берген жоқ. Ұзақ айналшықтап, әр жерінен бір шағып жүрді де, ақыры оппонентінің әлі құрығанда масаттана отырып қанын сорды.

Ломаченко мен Ригондоның жекпе-жегі сол ара мен өрмекшінің төбелесін көз алдыма әкелді. Бірінші раундта «Хай-Тек» қарсыласына аса көп жақындаған жоқ. Ринг ортасын толығымен кубалық «шибөріге» беріп қойды да, айналшықтап жүріп, оқта-текте жойқын соққыларын лақтырып отырды. Бәрі болмаса да, екі-үшеуі діттеген жеріне ауыр тиіп, Ригондоның мысы басылып қалғаны анық. Қалған раундтарда Ломаченко қарсыласын бас көтертпей сабады. Түбегейлі қорғанысқа көшкен Гильермо украиналықтың соққысынан қашып, клинчке де көп барды, еңкейе қорғанғаны соншалық, басы белден төмен түсіп кетіп, Ломачтың соққы жасауына қиындық туып жатты. Негізі рефери ертерек ескерту жасауы қажет еді, алайда алтыншы раундқа дейін шыдады. Шектен шығып бара жатқан соң ғана ұпайын шегеруге мәжбүр болды. Бірақ жетінші раундқа Ригондоның өзі шыққан жоқ. Қолын ауыртып алғанын сылтауратты. Дегенмен, онсыз да жекпе-жек тағы екі-үш раундқа созылғанда «шибөрі» онсыз да құлайтын еді. Қайта шаршы алаңнан нокдаунсыз кеткеніне қуануы қажет шығар.

Алайда, бұл жеңіспен Василий Ломаченко ерлік жасаған жоқ. Өзінен екі салмақ дәрежесіне төмен боксшыны ұтатынын өзі де білді. Жеңілетінін Ригондоның өзі де сезіп шықты. Шаршы алаңда да Ломаченконың үлкендігі көрініп тұрды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, айқас барысында үш келіге ауыр болған екен. Бірақ, бізге украиналық бұдан да салмақтырақ көрінді. Құдды бір, Қайрат Ералиев пен Данияр Елеусінов жұдырықтасып жатқандай әсерде болдық.

Ендеше жеңілетінін біле тұра Ригондо бұл жекпе-жекке неге келісті деген сұраққа жауап іздеп көрсек. Жалпы екеуінің кездесетіндігі 2015 жылдан бері айтылып келді. Бірақ ол кезде Гильермо жекпе-жекке тәуекел ете қойған жоқ. Ал қазір жасы 37-ден асты. Артында 17 жекпе-жек қалдырған «шибөрі» барлығында жеңіске жеткенімен қаржы жағынан көп табысқа кенеле алмады. Ломаченкомен кездесу жағдайын жасап алудың соңғы мүмкіндік еді. Бұл айқастан кемі 400 мың евро тапты. Рас, Мейуезердікімен салыстырғанда 400 мың евроң жай ғана тиын екені түсінікті. Алайда, Ригондо ешқашан өмірінде жекпе-жектен мұндай пайда таппаған. Енді оның карьерасы төменге қарай құлдилауы әбден мүмкін. Бәлкім, өз салмағына қайта оралып, сол жақта «күнкөрісін» жалғастырар. Дегенмен, енді Ригондо ақша үшін нокаутқа түсуге де дайын болуы ғажап емес. Енді ол тек қаржылай пайданы ғана ойлайды.

Ал Ломаченко ше? Жекпе-жектің алдында промоутері Боб Арум украиналықтың бір салмаққа көтерілетінін мәлімдеген. Дегенмен, қазір жеңіл салмақта да аса көп таңдау жоқ. Бәлкім, Ломаченкоға тағы бір салмақ жоғары көтеріліп, Майки Гарсияны шаршы алаңға шақырып көру керек шығар. Немесе, Майкидің өзі бір салмаққа төмен түссін. Салмақ лақтыруға шамасы жетеді. Өйткені, өзі де кеше ғана жеңіл салмақта жұдырықтасқан. Егер екеуара келісе алар болса, бұл жекпе-жек шынымен де қаржы жағынан болса да, тартыстылық тұрғысынан болса да, көп пайда әкелер еді.

Текст: Sadvakas Maikibayev