Ресей мен Украина ең жеңіл салмақта лицензиясыз қалды

17 наурыз 2020 ж.
Ресей мен Украина ең жеңіл салмақта лицензиясыз қалды

Бұған дейін жазғанымыздай, Токио Олимпиадасының Еуропа елдері арасындағы іріктеу турнирі тоқтатылды. Бірақ Лондон рингіндегі үшінші күнгі жекпе-жектер шектен тыс тартысты болды. Себебі ең жеңіл (52 келі) және жартылай жеңіл (57 келі) салмақтарда ширек финалға шыққан боксшылар анықталды. Қызықтың бәрі дәл осы 1/8-финалында болды.

Ресей құрамасының намысын қорғаған Расул Салиев (52 келі) 1/8-финалында британдық Галал Яфайдан 0:5 есебімен ұтылды. Сонымен қатар, Украина құрамасының сенім артқан ұланы Дмитрий Замотаев Испания боксшысы Габриэль Эскобарға 1:4 есебімен есе жіберіп алды (суретте). Ал әзербайжан Руфат Гусейнов Румыния үміті Космин-Петре Гирлянудан 2:3 есебімен жеңіліп қалды.

Жалпы, ең жеңіл салмақта Франция, Грузия, Ирландия, Испания, Ұлыбритания, Армения, Румыния, Түркия бокшылары ширек финалға шығып, сегізі де Токио Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізді.

Ал 57 келі салмақта Украина, Ресей және Әзербайжан жігіттері жеңіске жетті. Украин Микола Буценко армян Артур Базеянды 5:0 есебімен жеңді. Ресейлік Альберт Батыргазиев та словак Вильям Танкодан 5:0 есебімен басым түсті. Әзербайжан Тайфур Алиев Литва боксшысы Эдгарас Скурделисті айқын басымдықпен тізе бүктірді.

Ал жартылай жеңіл салмақта Ұлыбритания, Венгрия, Франция, Әзербайжан, Украина, Испания, Ресей және Германия жігіттері ширек финалға шығып, сегізі де Токио Олимпиадасының лицензиясына ие болды.