Рейтинг kz. 2018 жылдың ТОП-7 жарқын боксшысы

24 желтоқсан 2018 ж.
Рейтинг kz. 2018 жылдың ТОП-7 жарқын боксшысы

Жыл соңында әлем және ел боксын ақырындап қорытындылай бастаймыз. Бүгінгі тақырыбымызда 2018 жылы ең жоғары прогресске ие болған қазақстандық боксшылардың рейтингін түзуді жөн көрдік.

Дәл қазіргі таңдағы ең үздік кәсіпқой боксшыларымыз осылар деген сөз емес. Үздіктер рейтингін алдағы уақытта жеке түзетін боламыз. Бүгін 2018 жылы әлемдік аренада ең жоғарғы прогресске қол жеткізген жерлестеріміздің рейтингін жасауды жөн көрдік. Тек жекпе-жектер барысындағы жеңістерін ғана емес, ақпарат айдыны мен РR әлеміндегі өрлеулерін де есепке алдық. Ендеше 2018 жылдың ТОП-7 серпінді боксшыларын қарсы алыңыздар.

7-орын. Жәнібек ӘЛІМХАНҰЛЫ, (4-0, 1КО) екінші орта салмақ дәрежесі (76,2 келі)

2018 жылғы жекпе-жектері: 2-0

Бұған дейін әуесқой бокс пен кәсіпқой боксты қатар алып жүріп, биыл ғана жұқа қолғапқа түбегейлі ауысқан Жәнібек Әлімханұлы екі-ақ жекпе-жек өткізді. Дегенмен, екі қарсыласы да тәжірибелі болатын. Алдымен Оклендте 6 раундтық айқастың қорытындысы бойынша колумбиялық Карлос Галваннан басым түссе, одан кейін қарашаның басында Вон Александерді ұтты. Бұдан бөлек, жерлесіміз әйгілі менеджер Эгис Климаспен келісімшартқа отырып, кәсіпқой бокс әлемінде өзіне жаңа бағыттар ашты.

6-орын. Нұрзат САБЫРОВ (8-0, 7КО) екінші орта салмақ дәрежесі (76,2 келі)

2018 жылғы жекпе-жектері: 4-0, 3КО

Екінші орта салмақтағы тағы бір боксшымыз Нұрзат Сабыров үшін де биылғы жыл өте сәтті өтті. Бүгінде Анна Реваның қарамағында Канадада жұдырықтасып жүрген шымкенттік «алып соқ» биыл шаршы алаңға төрт рет шығып, төртеуінде де жеңіске жетті. Оның үшеуінде қарсыласын бесінші раундқа да жеткізген жоқ. Ал соңғы айқасында 36 жастағы өте тәжірибелі Рокки Монтоямен төбелескен. Кәсіпқой бокста 32 рет жеңіске жетіп, оның 22-сін нокаутпен аяқтаған, тек екі кездесуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татқан Монтоя шынымен де мықты боксшылардың санатынан болатын. Алайда, Нұрзат оны 2-ші раундтың екінші минутында-ақ құлатты.

5-орын. Айдос ЕРБОСЫНҰЛЫ (10-0, 8КО) екінші орта салмақ (76,2 келі)

2018 жылғы жекпе-жектері: 3-0, 2КО

Шаршы алаңға шапан мен бөрік киіп шығып жүрген Айдос Ербосынұлы биыл бір емес, екі чемпиондық белбеуді жеңіп алды. Алдымен Айдос Ақтөбеде өткен кәсіпқой бокс кешінде белоруссиялық Александр Сушицті жеңіп, WBC Asia аймақтық белбеуді жеңіп алды. Қарсыласын бірінші раундта-ақ есеңгіреткенімен Сушиц те мықты екен, соңына дейін шыдады. Ал 23 желтоқсанда Мәскеуде өткен жекпе-жек кешінде Ербосынұлы бельгиялық Илияс Ачергиді техникалық нокаутпен ұтып, WBO Global белбеуін қанжығасына байлады. Дегенмен, бұл кездесу Айдос үшін оңай болған жоқ. Жерлесіміз 4-ші раундта өмірінде бірінші рет нокдаунға түсті. Абырой болғанда қарсыласы иығын жарақаттап алып, жекпе-жектен бас тартты. Ал бұл кезде төрешілердің хаттамасында Айдос алда тұрғандықтан жеңіс те біздің жігітке бұйырды.

4-орын. Батыр ЖҮКЕМБАЕВ (14-0, 12КО) Бірінші жартылай орта салмақ дәрежесі (63,5 келі)

2018 жылғы жекпе-жектері: 3-0, 3КО

Boxrec.com сайтының қазақстандық боксшылар рейтингінде Батыр Жүкембаев Геннадий Головкиннен кейінгі 2-ші орында тұр. Иә, былтыр аталмыш рейтингте үздік бестікке де кірмеген жерлесіміз үшін бұл керемет прогресс. 2018 жылы Батыр 3 жекпе-жек өткізіп, үшеуінде де нокаутпен жеңіске жетті. Ақырындап 10 раундтық кездесулерді де өткізе бастады. Ал келесі жылы 12 раундтық айқастардың да кезегі жетеді деген сенімдеміз.

3-орын. Данияр ЕЛЕУСІНОВ (5-0, 3КО) жартылай орта салмақ дәрежесі (66,7 келі)

2018 жылғы жекпе-жектері: 5-0, 3КО

Анау-мынау емес, бірден Эдди Хирнмен келісімшартқа отырған Рио де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің прогрессі көз алдымызда. Соңғы жекпе-жегінен байқадық, Даниярда қазір әуесқой бокстан түк қалмаған. Кәсіпқой боксқа 90 пайызға бейімделгені көрініп тұр. Бұрынғыдай құр секеңдеу жоқ. Аяғына нық тұрады. Денемен көбірек қимылдап, әр соққысына қуат беретін болған. Кәсіпқой карьерасын 6 раундтан бастаған Елеусіновтің соңғы кездесуі 8 раундқа жоспарланған болатын. Ал келесі жекпе-жегі 10 раундты құрайды деп отыр.

2-орын. Мейірім НҰРСҰЛТАНОВ (9-0, 7КО) орта салмақ дәрежесі (72,6 келі)

2018 жылғы жекпе-жектері: 4-0, 3КО

Головкиннің орнын басатын бірден-бір боксшы ретінде отандық мамандар, тіпті шетелдік сарапшылар Мейірім Нұрсұлтановты айтуда. Иә, расымен де солай сияқты. Эгис Климастың да сүйікті шәкірттерінің бірі саналады. Биыл да Мейірім өзі жоспарлағандай АҚШ-та төрт жекпе-жек өткізіп қайтты. Бәрінде жеңіске жетіп, соңғы кездесуінде WBC тұжырымы бойынша Солтүстік Американың жастар арасындағы чемпионы белбеуін жеңіп алды. Бүгінде Калифорнияда жаттығып жүрген жерлесіміздің келесі жекпе-жегі жаңа жылдан кейін 11 қаңтарда өтеді деп күтілуде.

1-орын. Садриддин АХМЕДОВ (6-0, 6КО) Бірінші орта салмақ дәрежесі (69,9 келі)

2018 жылғы жекпе-жектері: 6-0, 6КО

Ал рейтингіміздің көш басына әуесқой бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы Садриддин Ахмедовты орналастырдық. Садриддин өзінің жекпе-жектерін Канадада Анна Реваның қарамағында өткізіп жүр. Биыл алты рет шаршы алаңға шығарып, алтауында да нокаутпен жеңіске жетті. Онда да бір ғана қарсыласы бесінші раундқа дейін шыдаса, тағы біреуі екінші раундта құлап, қалғандары бірінші раундта-ақ жерлесіміздің мықтылығын мойындап жатты.

Текст: Sadvakas Maikibayev