Рейтинг – 2017 жылдың ТОП-10 жекпе-жегі

6 қаңтар 2018 ж.
Рейтинг – 2017 жылдың ТОП-10 жекпе-жегі

Өткен 2017 жылы кәсіпқой бокс әлемі жанкүйерлерге керемет жекпе-жектер сыйлады. Diamond Ring порталы солардың ішінен маңыздылығы жөнінен және тартыстылығы бойынша ең үздік деп тапқан ТОП-10 жекпе-жектің рейтингін ұсынады.

Өкінішке қарай, бұлардың арасына Тони Белью (Ұлыбритания) – Дэвид Хэй (Ұлыбритания), Мурат Гассиев (Ресей) – Криштоф Влодарчик (Польша), Майрис Бридис (Латвия) – Майки Перес (Куба), Адонис Стивенсон (Канада) – Анджей Фонфара (Польша), Баду Джек (Швеция) – Джэймс Дигэйл (Ұлыбритания), Гильермо Рамирес (Мексика) – Максим Бурсак (Украина), Сауль Альварес (Мексика) – Хулио Сезар Чавес (Мексика), Билли Джо Сондерс (Ұлыбритания) – Дэвид Лемье (Канада), Геннадий Головкин – Дэниел Джэйкобс (АҚШ), Мигель Берчельт (Мексика) – Франсиско Варгас (Мексика) сынды айқастар кірген жоқ. Өйткені, біз тек үздік 10 жекпе-жекті таңдадық. Ендеше, соларды назарларыңызға ұсынайық.

10-ОРЫН

Теренс КРОУФОРД (АҚШ) /32-0, 23КО/ – Феликс ДИАС (Доминикан) /19-2, 9КО/

Жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген Теренс Кроуфордтың кезекті рет өз мықтылығын дәлелдеген жекпе-жек еді бұл. Феликс Диас та осал шағылар жаңғақтардың қатарынан емес еді. Бір рет жеңіліп қалғаны болмаса, ешқашан нокаут алып көрмеген. Бірақ, Кроуфордқа қарсы екі-ақ раунд лайықты қарсылық көрсеткен доминикандық боксшы қалған раундтарда еріксіз тізгінді тарта берді. Ал оныншы раундтан кейін көзінің көрмей қалғанын алға тартып, айқастан бас тарты.

9-ОРЫН

Эррол СПЕНС (АҚШ) /22-0, 19КО/ – Келл БРУК (Ұлыбритания) /36-2, 25КО/

2016 жылы өзінен әлдеқайда дәу Геннадий Головкиннен жеңіліп қалғаннан кейін Келл Брук қайта өз салмағына оралып, шаршы алаңға Эррол Спенсті шақырған. Ол да мықты боксшы. Бірақ бұған дейін ірі жетістігі болмаған еді. Өзіне деген сенімділігі шығар, Бруктың ұсынысын қабыл алып, қорықпай Англияға барды. Өз жанкүйерлерінің алдында айқасқан Келл тізгінді бірден қолына алған. Алайда, жекпе-жектің екінші жартысында толығымен америкалық боксшы басымдық танытты. Тоғызыншы раундта шаршы алаң иесін нокдаунға түсіріп, 11-ші раундта тізерлетті. Толассыз тиген соққылардан көзі көрмей қалған Брук жеңілісін мойындап, ІВF чемпиондық белбеуін Эррол Спенске берді.

8-ОРЫН

Мэнни ПАКЬЯО (Филиппины) /59-7, 38КО/ – Джефф ХОРН (Аустралия) /18-1-0, 12КО/

Рас, өзінің соңғы жекпе-жегінде Мэнни Пакьяо Аустралияға ақша үшін барды. Өйткені, кәсіпқой боксты спорт емес, бірінші кезекте бизнес деп білетін Пакмэн Брисбеннен кем дегенде 10 миллион доллар алып қайтатынын алдын ала білді. Сондықтан, оған чемпиондық белбеу де маңызды болған жоқ. Былайша айтқанда WBO чемпиондық атағын әлгі суммаға сата салды. Әйтпесе, жанкүйерлердің басым бөлігі әлі күнге сол айқасты Пакьяо жеңді деп есептейді.

7-ОРЫН

Василий ЛОМАЧЕНКО (Украина) /10-1, 8КО/ – Гильермо РИГОНДО (Куба) /17-1, 11КО/

Бұл жекпе-жекті промоутерлер екі жыл пісірді. Жанкүйерлер ұзақ күтті. Рас, Ломаченконың жеңіске жететін көбі іштей сезді. Өйткені, Ригондо одан екі салмақ дәрежесіне ауыр еді. Бірақ, бұған дейін жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген кубалық осы айқаста украиналықты тоқтатады деп үміттенгендер де болды. Алайда, қанша жерден маңызды болғанымен айқас аса тартысты өткен жоқ, Ломаченкоға қарсы еш айла қолдана алмаған Гильермо Ригондо алтыншы раундтан кейін жекпе-жектен бас тартты.

6-ОРЫН

Роман ГОНСАЛЕС (Никарагуа) /46-2, 38КО/ – Висаксил ВАНГЕК (Тайланд) /44-4-1, 40КО/

2017 жыл Роман Гонсалес үшін өте сәтсіз болды. Бұған дейін барлық айқасында қарсыластарын бет қаратпай келген никарагуалық боксшы барлық рейтингтерде үздіктердің қатарында болатын. Висаксил Вангекті де қалпақпен қайырып аламын деп ойлағаны анық. Алайда, «Чоколатитомен» болған айқасқа дейін аты көпшілікке беймәлім болған тай боксшысы сенсация жасап, Гонсалесті оп-оңай ұтты. Ал қыркүйекте өткен қарымта айқаста 4-ші раундта-ақ нокаутқа түсірді. Дегенмен, біз рейтингке наурызда өткен бірінші жекпе-жекті қосып отырмыз. Өйткені, көп жағдайда шешуші болған осы айқас.

5-ОРЫН

Андре УОРД (АҚШ) /32-0, 16КО/ – Сергей КОВАЛЕВ (Ресей) /31-2-1, 27КО/

2016-ның қарашасындағы даулы айқастан кейін қарымта қайтарғысы келген Сергей Ковалевтің айқас алдында айтпағаны жоқ еді. «Сындырамыннан» бастап, «көміп тастаймынға» дейін барды. Жанкүйерлер де бұл жекпе-жекті қатты күтті. Бірақ, қарымта айқаста Уорд өзінің мықтылығын кезекті рет дәлелдеп қана қойған жоқ, сегізінші раундта ресейлікті нокаутқа жіберді. Рас, оны Ковалевтің өзі мойындай қоймас. Бірақ тарих оның айтқанын емес, хаттамадағы сандарға сенетін болады.

4-ОРЫН

Кит ТУРМАН (АҚШ) /28-0, 22КО/ – Дэнни ГАРСИЯ (АҚШ) /33-1, 19КО/

Әлбетте, бұл жекпе-жекті былай қойғанда, аталмыш боксшыларды да біздің елде білетіндер аз. Алайда, АҚШ-та бұл екеуі де жартылай орта салмақтың ғана емес, Р4Р-дің де үздіктерінің бірі. Өзара кездесуге дейін екі боксшының да жеңіліс графасында 0 деген сан тұрды. Екеуі де Америкада Флойд Мэйуезердің орнын басады деген басты боксшылар. Бірі WBA чемпионы, екіншісіне WBC чемпиондық белбеуі тиесілі. Сондықтан, бұл айқасты жанкүйерлер қатты күтті. Жекпе-жек көпшіліктің үмітін ақтады. Екі төреші Турманның мықтылығын мойындаса, біреуі басымдықты Гарсияға берді.

3-ОРЫН

Флойд МЭЙУЭЗЕР (АҚШ) /50-0, 27КО/ – Конор МАКГРЕГОР (Ирландия) /0-1/

Қанша жерден шоу болса да, көпшілігіңіз мұны боксқа жатқызғыңыз келмесе де, бұл жекпе-жекті әлемнің басым бөлігі тағатсыздана күтіп, оны тек Америкада ғана тіекелей эфирден 4,3 миллион адам тамашалады. Ал екі «шоумен» өз мұраттарына жетіп, қалталарын қомақты суммамен қомпайтты.

2-ОРЫН

Геннадий ГОЛОВКИН (Қазақстан) /37-0-1, 33КО/ – Сауль АЛЬВАРЕС (Мексика) /49-1-2, 34КО/

Уфф, Головкин мен Альварестің де айқасына келіп жеттік. Үш жыл күтіп, екі жыл пісірген бұл жекпе-жек Р4Р үздігін анықтап беруі тиіс болған. Алайда, қос мықтының бірінші кездесуі тең аяқталып, to be continued 2018 жылға қалдырылды. Айқастың қалай өткенін айтып, тәптіштемей-ақ қояйық. Оны бәріңіз де көрдіңіздер. Енді тек жалғасын күту ғана қалды.

1-ОРЫН

Энтони ДЖОШУА (Ұлыбритания) /20-0, 20КО/ – Владимир КЛИЧКО (Украина) /64-5, 53КО/

Неге GGG VS Канело емес, бірінші орынға Энтони Джошуа мен Владимир Кличконың жекпе-жегін қойғанымызды түсіндіріп берейін. Әлбетте, барша қазақ елі Головкин менАльварестің айқасын күтті. Р4Р үшін де бұл жекпе-жектің маңызы үлкен еді. Дегенмен, бокс әлемі үшін сөзсіз Джошуа мен Кличко арасындағы кездесудің рөлі зор болды. Майк Тайсон, Эвандер Холиффилд, Леннокс Льюистардан кейін ағайынды Кличколар келіп, дағдарысқа ұшыратқан аса ауыр салмақ дәрежесіне революция әкелген айқас осы болды. Осыдан кейін алыптардың бәсекесіне қайта жан бітті. Ал көпшілік жанкүйерлер ағайынды Кличколардың дәуірі өткеніне қуанатын да шығар. Өйткені, шыны керек, соңғы 10-15 жылда бұл салмақтағы жекпе-жектердің қызығы қалмаған еді.

Текст: Sadvakas Maikibayev