Райан Гарсия мен Франсиско Фонсеканың қиян-кескі айқасын «Хабардан» көреміз

12 ақпан 2020 ж.
Райан Гарсия мен Франсиско Фонсеканың қиян-кескі айқасын «Хабардан» көреміз

Райан Гарсия (19-0, 16 KO) мен Франсиско Фонсека (25-2-2, 19 KО) біздің уақытпен сенбі күні таңертең шаршы алаңға шығып, WBC тұжырымы бойынша, жеңіл салмақтағы (135 фунт немесе 61,235 келі салмақ дәрежесіндегі) чемпиондық атақ пен белбеуді сарапқа салады. Тамырында Мексика қаны соққан, америкалық жас талант, яғни Р.Гарсия чемпиондық дәл осы атақты былтыр қараша айында жеңіп алған. Нақтырақ айтқанда, Филиппин үміті Ромеро Дуноны (21-2, 16 KО) бірінші раундта-ақ нокаутқа түсіріп, көпшілікті тәнті қылған. Енді осы атағы мен белбеуін қорғап қалуға тырысады.

«Golden Boy Promotions» компаниясы өзінің Сауль Альвареске (яғни Канелоға) балап отырған осы бір болашақ жұлдызын Фонсека секілді тәжірибелі тарланмен шығарып, іс жүзінде сынап көрмек. Егер жеңіп кетсе, барлық тұжырымдардың тізімінде жоғары көтеріліп (қазір ол – WBA рейтингінде #2, WBC рейтингінде #4, WBO рейтингінде #6), «Title shot» құқығына қол жеткізуі әбден мүмкін.

Никарагуа боксшысы болса, соңғы үш айда екінші рет чемпиондық атақ үшін шаршы алаңға шығып, бағын сынап көрмек. Ол былтыр, қараша айында IBO тұжырымы бойынша, жартылай жеңіл салмақта (130 фунт немесе 58,967 келі) британдық Алекс Дильмаганимен вакантты чемпиондық атақты сарапқа салып, тең түскен...

Бүгінде әлемдегі бокс сүйер қауымның, әсіресе ағылшын тілді жанкүйерлердің ықыласы Американың «Жас перісі» Райан Гарсияға ауып отыр. Оның жаттығу жұмыстары мен жекпе-жектерін ғаламтор арқылы іздеп көрушілер саны жыртылып-айырылады. «Оның өнері – көруге тұрарлықтай, ал жылдамдығына көз ілеспейді», – деп сүйсінеді шетелдіктер. Ендеше, біз де оның жекпе-жегін, өнерін тамашалап көрейік. Қазақтың қайсар ұлдарынан артық па?!.

Сенбі күні «Хабар» арнасынан Райан Гарсия мен Франсиско Фонсека жекпе-жегін көріп, оған да көз жеткізерміз. Ал әзірше біздің сайтымыздың «VIDEO» бөлімінен оның бұрынғы жекпе-жектерінің үзінділерін көрулеріңізге болады.