Оскар неге Головкиннің «мексикан стайлына» күмән келтірді?

18 тамыз 2018 ж.
Оскар неге Головкиннің «мексикан стайлына» күмән келтірді?

Таяуда журналистерге сұхбат берген «Голден бой» промоутерлік орталығының президенті Оскар Де Ла Хойя қазақстандық Геннадий Головкиннің «мексикан стайлына» күмән келтірді.

Ол аздай, «Головкин тек мексикалық жанкүйерлерді өзіне қарату үшін ғана өзін «мексикан стайлдың» боксшысы деп жүр. Шын мәнісінде оның жұдырықтасу мәнері мүлдем мексикалыққа ұқсамайды. Ал нағыз фанаттар тек Канелоны жақтайды», – деді Оскар.

Жалпы, сіз бен біздің түсінігіміздегі «Мексикалық стиль» деген қандай? Әуелден мексикалық боксшылар өздерінің ширақ қимылымен, шаршы алаңдағы шыдамдылығымен және агрессивті әрекеттерімен ерекшеленген. Олар үшін жай ғана жеңіп қою бір бөлек те, жарқын жеңістің орны мүлдем ерекше болған. Мұны мамандар мексикалықтың қызуқандылығымен және тұрмысы нашар болғандықтан көптің арасынан осылайша суырылып алға шығуға ұмтылуымен байланыстырады. Дегенмен, шыны керек, мұның барлығы бұрынғы мексикалықтарға немесе өз орнын таба алмай жүрген екінші деңгейлі мексикалық боксшыларға ғана тән. Ал әлемге мәшһүр мексикалық боксшылардың басым бөлігінің бүгінде стильдері өзгерген. Нағыз «мексикан стайлды» көрсеткен соңғы боксшылар ретінде Хулио Сезар Чавестің үлкені мен Хуан Мануэль Маркесті ғана айтуға болады. Тіпті, Оскар Де Ла Хойяның өзі де төбелеске көп бара бермейтін. Ал Канело тіптен контрпанчерге айналған.

Ендеше Головкиннің жұдырықтасу мәнері қандай? Әлбетте, мен де жерлесіміздің жұдырықтасу стилін мексикалыққа ұқсататындардың қатарынан емеспін. Геннадийде қанша дегенмен ақыл бар. Бас-көз жоқ алға ұмтылып, ә дегенге мә деп төбелесе бермейді. Дегенмен, қай айқасында болмасын, «Big drama show»-ды сыйлап жүргені анық.

Текст: Sadvakas Maikibayev