Оскар Де Ла Хойя қазақ боксшысы Бекман Сойлыбаевтың алдағы айқастарына сәттілік тіледі

16 ақпан 2017 ж.
Оскар Де Ла Хойя қазақ боксшысы Бекман Сойлыбаевтың алдағы айқастарына сәттілік тіледі

Лос-Анджелестегі Wild Card West спорт залында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүрген Diamond Ring боксшысы Бекман Сойлыбаев әйгілі боксшы, танымал промоутер Оскар Де Ла Хойямен кездесті.

Нақтысын айтқанда Сойлыбаев жаттығып жүрген Wild Card West спорт залына Де Ла Хойяның өзі келген. Кездесу барысында промоутер Бекманның жағдайын сұрап, алдағы жекпе-жектеріне сәттілік тілеген.

– Бүгін біз Оскармен кездестік. Әлбетте, ол бүгінгі заманның әйгілі боксшыларының бірі. Менің жаттығуларымды бақылап, алдағы айқастарыма жеңіс тіледі және кәсіпқой карьерамның сәтті боларына сенімділігін білдірді. Мұндай тұлғадан осындай баға алу үлкен құрмет, – деп ағынан жарылды бұл туралы Бекманның өзі.

Жалпы, бүгінде Оскар Де Ла Хойяны қазақ бокссүйер қауымы Геннадий Головкин мен Сауль Канело Альварестің текетіресі арқылы жақсы таниды. Канелоның промоутері болып табылатын Де Ла Хойяның кейбір пікірлері қазақ жанкүйерлеріне жаға бермейтіні де рас. Дегенмен, «кәсіпқой бокс» атты әлемде өзін мойындатып үлгерген аталмыш промоутердің ерлігін айтпай кетуге де болмайды.

Әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да талай шыңдарды бағындырған. 1992 жылғы Барселона Олимпиадасының чемпионы, кәсіпқой бокстағы ең ірі төрт ұйымның чемпиондық белбеулерінің иегері. Айтпақшы, біздің Бекман Сойлыбаев секілді Оскар да кәсіпқой шаршы алаңдағы алғашқы қадамын екінші жеңіл салмақ дәрежесінде жасаған. Бүгінде Де Ла Хойя құрған «Golden boy» промоутерлік компаниясының намысын Сауль Альварес, Амир Хан, Дэниел Джейкобс, Дэвид Хэй сынды мықтылар қорғайды.

Естеріңізге сала кетейік, Бекман Сойлыбаев WBC EPBC және WBA NABA чемпиондық белбеулерінің иегері. Осы күнге дейін кәсіпқой бокста тоғыз жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Төрт қарсыласын нокаутпен жеңген. Бүгінде америкалық білікті маман Эрик Браунның қарамағында Лос-Анджелестегі Wild Card West спорт залында жаттығып жүрген боксшымыздың алдағы жекпе-жегі және қарсыласы жақын уақытта белгілі болады.

Текст: Sadvakas Maikibayev