Олимпиада жолдамасы үшін Амманға аттанатын арулар

19 ақпан 2020 ж.
Олимпиада жолдамасы үшін Амманға аттанатын арулар

Токио Олимпиадасында әйелдер боксынан тұңғыш рет бес салмақ дәрежесінде жүлделі орындар сарапқа салынады. Бұған дейін бұрымды боксшылар Олимпиада ойындарында үш салмақта ғана сынға түсіп келген. Ал Иорданияда Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасында ең алғашқы лицензиялық турнир өтіп, онда 2020 жылғы Олимпиаданың 22 лицензиясы «көкпарға» тартылады.

Нақтырақ айтқанда, Амман төріне керілген шаршы алаңда әйелдер арасындағы 51 келі салмақ дәрежесінде Токио Олимпиадасының 6 жолдамасы сарапқа салынады екен. Ал 57, 60, 69 және 75 келі салмақ дәрежелеріне тек 4 лицензиядан бөлініпті. Осы маңызды сында біздің елдің іріктеуден өткен бес қызы да бақ сынайды:

51 келі – Ангелина Лукас,

57 келі – Дәметкен Келімбет,

60 келі – Римма Волосенко,

69 келі – Валентина Хальзова,

75 келі – Надежда Рябец.

Өз кезегінде, әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасының бас бапкері Ерік Алғабек неліктен осы қыздарға сенім артып отырғандарына жеке-жеке тоқталып өтіпті. Мәселен, А.Лукастың соңғы үш халықаралық турнирде алтынмен апталғанын, түзде жүйкесі сыр бермейтіндігін көлденең тартқан. 57 келідегі таңдау соңына дейін созылып, Голландияда өткен соңғы халықаралық турнирде көңілдерінен шыққан Д.Келімбетке мүмкіндік берілгендігін тәптіштеп шығыпты.

Бас бапкер 60 келі салмақта Р.Волосенконың көшбасшы екендігін, ал Улан-Удэдегі әлем чемпионатында оның ұтылмағандығын, бірақ төрешілер шешімінің басқаша болып шыққандығын тілге тиек еткен. 69 келіде тәжірибелі В.Хальзоваға сенім артылатындығын, оның перзент сүйіп, ұлттық құрама сапына қайта оралғандығына тоқталып өткен.

75 келі салмақ дәрежесінде жақында ғана бойжеткендер құрамасынан ұлттық құрамаға ауысқан, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Н.Рябецке үміт артылыпты. Ал мамыр айында Парижде өтетін бүкіләлемдік-лицензиялық іріктеу турнирінде екінші және үшінші құрамдағы қыздарға мүмкіндік берілетіндігін мәлімдеген.