Неліктен Салидо – Роман айқасы Ломаченко – Ригондо жекпе-жегіне қарағанда қызықтырақ?

8 желтоқсан 2017 ж.
Неліктен Салидо – Роман айқасы Ломаченко – Ригондо жекпе-жегіне қарағанда қызықтырақ?

Желтоқсанның 9-ы күні Нью-Йорктегі Ломаченко – Ригондо кездесуімен қатар, Лас-Вегаста Орландо Салидо мен Мигель Роман айқасады. Екеуі де екінші жартылай  жеңіл салмақ дәрежесіндегі жекпе-жектер. Бірақ, біздің ойымызша, екі мексикалық арасындағы айқас «Хай-тек» пен «Шибөрі» арасындағы жекпе-жектен қызық болмаса, нашар болмайды. Неліктен дейсіз ғой? Пікірімізді дәлелдеп көрейік.

Біріншіден, Орландо Салидо мен Мигель Роман арасындағы жекпе-жекті WBC президенті Маурисио Сулейманның өзі қолдап отыр. Ал бұл тұжырымның чемпиондық белбеуі бокс әлеміндегі белбеулердің ең беделдісі саналады. Тіпті, осы тұжырым бойынша әлем чемпионы Мигель Берчельт жарақат алып қалғаннан кейін Сулейман бұл екі боксшыға WBC-дің уақытша чемпиондығын сарапқа салуға рұқсат берген. Тек соңғы сәтте НВО телеарнасы жекпе-жектің уақытын 12 раундтан 10 раундқа қысқартқандықтан Сулейманға ережеге бағынуға тура келді. Өйткені, WBC қағидасы бойынша чемпиондық жекпе-жектер 12 раундтан тұруы тиіс.

Ал украиналық Василий Ломаченко мен кубалық Гильермо Ригондо WBO чемпиондық атағына таласады. Бұл да беделді тұжырымдардың бірі. Бірақ, төрт негізгі белбеудің ішіндегі ең жасы саналады.

Екіншіден, жоғарыда атап өткеніміздей, Орландо Салидо мен Мигель Романның айқасын тікелей эфирден НВО телеарнасы көрсетеді. Спорттық телеагенттіктердің алпауыты саналатын бұл арнаның эфирінен көрінуді барша боксшылардың барлығы армандайтыны айтпаса да түсінікті шығар. Ал Ломаченко мен Ригондо арасындағы жекпе-жекті ESPN арнасы мойнына алыпты. Иә, бұл да мықты арна, алайда НВО-ға әзірше жетпейді.

Үшіншіден, Орландо Салидо да, Мигель Роман да екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінің боксшылары. Яғни, шаршы алаңда бір-біріне жұдырық сілтегенде де, соққыларының ауырлығы бірдей болады. Ал Гильермо Ригондо Ломаченкомен кездесу үшін екінші аса жеңіл салмақтан бірден екі салмақ дәрежесіне көтерілмек. Яки, кубалықтың соққысы да әлсіздеу болып, қимылы да баяу болуы әбден мүмкін. Ал шаршы алаңға шыққанда Ломаченко қарсыласынан әлдеқайда алып көрінуі де ғажап емес.

Төртіншіден, Орландо Салидо мен Мигель Роман екеуі де өте тәжірибелі боксшылар. Дебюттік жекпе-жегін сонау 1996 жылы өткізген Салидоның еншісінде алпыстан астам айқас бар. Ал 32 жасар Роман үшін алдағы кездесу кәсіпқой бокстағы жетпісінші жекпе-жек болмақ. Екеуінің де жеңістерінен бөлек, жеңілістері де жетерлік. Яғни, қайсысы болмасын жеңіліп қалудан қорықпай, жанкүйерлерге ашық айқас көрсетуі тиіс.

Ломаченко мен Ригондо да тәжірибелі боксшылар. Екеуі де Олимпиада ойындарының жеңімпаздары. Кәсіпқой бокста да екеуі екі салмақта WBO чемпионы атанып үлгерді. Дегенмен, чемпиондар әрдайым ашық айқас көрсете бермейді. Белбеуінен айрылып қалудан қорқып, сескене жұдырықтасады. Бұл заңдылық. Оның үстіне, Ломаченконың еншісінде бір-ақ жеңіліс бар, ал Ригондо мүлдем жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген. Яғни, статистикаларын құртуды екеуі де қаламасы анық.

Бесіншіден, Салидо да, Роман да мексикалықтар. Ұлты ғана емес, жұдырықтасу мәнері де солай. «Мексикан стайл» – бокс мәнерінің төресі деп мамандар бекер айтып жүрген жоқ. Қызықты төбелесті көруіміз әбден мүмкін. Ал Василий Ломаченко нағыз панчер болғанымен Гильермо Ригондо жайлы олай айта алмаймыз. Кубалық «шибөріні» панчер деп те, контрпанчер деп айтуға келмейді. Аутфайтер дегеніміз дұрыс шығар. Ол көбіне қарсыласының қателігін күтіп алғанды жақсы көреді.

Ендеше, таңдау сізде. Желтоқсанның 9-ы күні Америкада екі ғаламат айқас өтеді. Бәлкім, екі теледидарды қатар қойып, Нью-Йорк пен Лас-Вегастағы бокс кештерін параллель көретін шығарсыз.

Текст: Sadvakas Maikibayev