Марқұм Бекзат Саттархановтың әкесі Сейілхан ағамыз өмірден озды

25 ақпан 2020 ж.
Марқұм Бекзат Саттархановтың әкесі Сейілхан ағамыз өмірден озды
Фото: kfb.kz

Бүгін 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында күллі қазақты қуанышқа бөлеп, еліміздің абыройын асқақтатып, алтынмен апталған Бекзат Саттархановтың (4 сәуір, 1980 – 31 желтоқсан, 2000) әкесі Сейілхан Саттарханұлы өмірден озды. Таңертеңгі сағат 11:00 шамасында жүрек ауруынан кенеттен қайтыс болыпты.

Сейілхан Саттарханұлы 1949 жылы 19-шы қыркүйекте Түркістанда дүниеге келген. 1970 жылы Сырлыкүл анамен отау құрып, 4 бала сүйген. Бағдат, Болат, Мақсат, Бекзат сынды ұлдарын тәрбиелеп өсірді. 30 жылдан астам уақыт медицина саласында фельдшер қызметін атқарған.

2000-2013 жылдар аралығында «Бекзат» мөлтек ауданының әкімі болып еңбек еткен. Бүгінге дейін осы «Бекзат» мөлтек ауданында ақсақалдар кеңесінің төрағасы болған. Сейілхан ағамыздың жаназасы 26 ақпанда, Түркістандағы өзшаңырағында, сағат 15:00-де өтеді екен.

Біз де Бекзаттай асыл ұлды тәрбиелеп өсірген Сейілхан ағамыздың өмірден өтуіне байланысты Саттархановтар әулетінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып, жәннаттан орын бұйырсын.