Ломаченко VS Кролла: жеңіл салмақтағылар 12 сәуірде Лос-Анджелесте жұдырықтасады

20 ақпан 2019 ж.
Ломаченко VS Кролла: жеңіл салмақтағылар 12 сәуірде Лос-Анджелесте жұдырықтасады

Салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің үздік былғары қолғап шебері, украиналық Василий Hi-Tech Ломаченко (12-1, 9 KOs) британдық жеңіл салмақтағы боксшы Энтони Million Dollar Кроллға (34-6-3, 13 KOs) қарсы өз белбеулерінің міндетті қорғауын өткізеді.  

12 сәуірде Лос-Анджелестегі Staples Center аренасында өтетін Ломаченко-Кролл арасындағы жекпе-жекке 135 фунтқа (61,235 кг)  дейінгі дивизионның WBA (Super) WBO тұжырымдары бойынша украиналыққа тиесілі екі чемпиондық титул тігіледі. 31 жастағы Ломаченко бұл кездесуде Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының белбеуін екінші рет қорғаса, Бүкіләлемдік бокс ұйымының титулын бірінші мәрте қорғамақ. P4P королі соңғы белдесуін желтоқсан айында пуэрторикалық Хосе Педрасаға қарсы өткізген болатын. Кездесуде төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетіп, WBO-дің белбеуін қанжығасына байлаған еді.

Жеңіс салмақтағы әлемнің экс-чемпионы, 32 жасар Кролл қауымдастықтың міндетті қарсылас болу статусын өткен қарашада Усик-Белью мегафайтының андеркартында алған болатын. Ол индонезиялық боксшы Дауд Йорданға қарсы шаршы алаңға шығып, төрешілер шешімімен жеңіс тұғырынан көрінген (116:112 үш рет) еді. Британдық былғары қолғап шебері WBA-дің суперчемпиондығын 2015 жылдың қарашасында иемденген. Кейінірек «Миллион доллар» лақап атымен танымал боксшы 2018 жылдың мамырында Ломаченкоға белбеуін берген венесуэльдік Хорке Линареске екі мәрте жеңілген.

Айта кетейік, WBA титулын міндетті қорғауды қантар айына жоспарлап, екі жақ тараптың келіссөздер жүргізу үшін ақпан айының 6-шы жұлдызына дейін уақыт берген еді. Содан бері Ломаченко-Кролл шайқасының промоутерлік келіссөздері украиналықтың IBF титулының жаңа иегері ганалық Ричард Коммимен біріктірілген кездесу өткізгісі келгендіктен екі мәрте кейінге қалдырылған болатын. Алайда, ганалық боксшы ресейлік Иса Чаниевпен жұдырықтасу кезінде жарақат алып, жақын арада украиналық Hi-Tech-пен кездесе алмайтын болды.