Ломаченко – Педраса. Мейірім Нұрсұлтановтың болжамы

15 қараша 2018 ж.
Ломаченко – Педраса. Мейірім Нұрсұлтановтың болжамы

Кәсіпқой бокста жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген, 9 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен, жетеуін нокаутпен аяқтаған Мейірім Нұрсұлтанов желтоқсанның 8-і күні Нью-Йорктің «Мэдиссон Сквер-Гарден» аренасында өтетін украиналық Василий Ломаченко мен пуэрто-риколық Хосе Педраса арасындағы айқасқа өз пікірін білдірді.

– Ломаченкомен бір залда жаттығамыз. Дегенмен, оның бапкері бөлек. Әкесімен бірге. Бір-бірімізді күнде көріп тұрамыз. Жаттығуын бақылаған кездеріміз де болған. Өте мықты боксшы, – деп бастады Мейірім.

– Ендеше Педраса екеуінің жекпе-жегінен не күтесіз?

– Педраса да осал боксшы емес. Дегенмен, Ломаченконың шеберлігі басым. Тактикалық тұрғыда қарсыласынан әлдеқайда мықтырақ. Василий оны айламен-ақ алуы тиіс.

– Ал нокаут көре аламыз ба?

– Мүмкін, бәрі де мүмкін. Жалпы, болжамды ұнатпайтын адаммын. Бірақ, жекпе-жектің екінші жартысына қарай Ломаченко пуэрто-риколықты нокаутқа түсіруі ғажап емес.

– Жекпе-жек қаншалықты тартысты өтуі мүмкін?

– Әлбетте, екі боксшы да нокаутты қалайды ғой. Бірақ, Ломаченконың көбіне тактикалық айлаға жүгінетінін, ал Педрасаның шаршы алаңды жақсы сезінетінін ескерсек, айқас қызықты болатыны сөзсіз.

– Екі боксшының қандай әлсіз тұстары бар?

– Жаттығу барысында боксшы өзінің әлсіз тұстарын көрсетпейді ғой. Бір залда жаттығып жүргенімізбен Ломаченконың жұдырықтасу мәнерінен мін таппадым. Шеберлігі жетілген боксшы. Әлсіз тұстары жекпе-жек барысында көрініп жатады ғой. Бірақ, бойы кішкентай болғанымен жақын қашықтықта жақсы жұдырықтасады. Ал Педраса кішкене лас боксшы. Клинчке көп барады. Күшін есептей білмейді. Джервонта Дэвиспен болған жекпе-жегінде төбелеске қатты беріліп кетті де, нокаутқа түсіп қалды. Бұл жолы да солай болуы мүмкін.

– Ломаченко Педрасаға қарағанда өте кішкентай көрінетін сияқты…

– Жоқ, мен олай айтпас едім. Педрасаның тамызда өткен Раймундо Бельтранға қарсы жекпе-жегін көрдім. Сол ккеште досымыз Сағадат Рахманқұлов та шаршы алаңға шығып, жанкүйер болуға барғанбыз. Педраса маған сондай үлкен көрінбеді. Ломаченкомен бойлары шамалас. Денелері де бірдей. Ірі емес. Сондықтан, бұл нәрсе пуэрто-риколық боксшыға көмектеспейді деп ойлаймын.

Текст: Sadvakas Maikibayev