Кәсіпқой бокс кештері зәулім стадиондардан шағын студиоларға ойыса ма?

15 наурыз 2020 ж.
Кәсіпқой бокс кештері зәулім стадиондардан шағын студиоларға ойыса ма?

Коронавирус індетіне қарсы қолданылып жатқан шаралар боксшыларды әбігерге түсіріп отыр. Олар өздерінің қаншама келіссөздер арқылы бекітілген жекпе-жектеріне шүмектетіп тер төгіп, дайындалып жатыр емес пе? Әр жекпе-жектің өтуіне қол жеткізудің өзі оңай емес қой. Енді соның бәрі зая кетпек пе?

Әрине, осындай жекпе-жектердің немесе жалпы бокс кештерінің қайсыбіреулері көрерменсіз, «жабық есік» режімінде өтетін болып шешілген. Тіпті алды өтіп те жатыр. Спортшылар оған да шүкіршілік ететіндей. «Әйтеуір жекпе-жегімізді кейінге шегермесе екен» деген тілеулері басым.

Енді промоутерлер жекпе-жек (бокс кеші) өтетін жерлерді ауыстырып әлек. Біріншіден, ол жергілікті биліктің көзқарасы мен қабылдаған шешімдеріне байланысты, әрине. Екіншіден, бұл – «заманың түлкі болса, таза болып шал» дегендей, тиімді және пайдалы жолдарын іздеудің қамы.

Мәселен, көрерменсіз, «жабық есік» режімінде өтетін бокс кешін ат шаптырым стадионда немесе үлкен спорттық кешенде өткізудің не қажеті бар, не қызығы қалды? Оны одан да шағын студиода (залда) өткізу тиімді емес пе?! Тек тікелей трансляция тарату жағын жоғары деңгейде ұйымдастырса болды.

Міне, осындай қиын жағдайға Артур Бетербиев (15-0, 15 КО) және Фаньлун Мэн (16-0, 10 КО) жекпе-жегін ұйымдастырушылар да тап болып отыр. Соңға ақпараттарға сенсек, бұл жекпе-жек әу баста жоспарланғандай, Канаданың Квебек қаласындағы Videotron Center аренасында өтпейтін секілді. Енді АҚШ-та өткізу мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді.

Айтпақшы, Артур Бетербиев өзінің Instagram-дағы жеке парақшасына «Бүгін кешкісін менің Квебек стадионындағы жаттығу жұмысым өтпеді. Әйтсе де, 28 наурыз күнгі жекпе-жегім өтеді деген үміттемін» деп жазыпты. Иә, бірнеше ай бойы тер төгіп, алдағы жекпе-жектеріне дайындалып жүрген спортшыларға оңай емес... Ал сіздер әзірше, біздің сайтымыздың «VIDEO» бөлімінен Артур Бетербиев пен Фаньлун Мэннің бұрынғы жекпе-жектерінің үзінділерін көре аласыздар.