Кәсіпқой бокс – Қазақ елінен шыққан Әлем чемпиондары

27 ақпан 2020 ж.
Кәсіпқой бокс – Қазақ елінен шыққан Әлем чемпиондары

Қазақ елі қырандарының кәсіпқой бокс кештерінде шаршы алаң көрігін қыздырап жүргендеріне көп бола қойған жоқ. Әзірше біздің елден төрт Әлем чемпионы шықты. Олар:

1. Василий Жиров (38-3-1, 34 KO)

IBF тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионы (5 маусым 1999 жыл – 26 сәуір 2003 жыл).

«Балқаштың Барысы» чемпиондық атағын үш рет қорғап қалған болатын – 1999 жыл 18 қазан; 2000 жыл 12 ақпан және 2001 жыл 6 ақпан.

Әуесқой бокстағы жетістіктері (207 жеңіс, 10 жеңіліс): 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері (1996 ж), Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (1993 және 1995 жж), Азия чемпионы (1995 ж) және қола жүлдегері (1994 ж), Азия ойындарының қола жүлдегері (1994 ж), ТМД елдері чемпионы (1993 ж) және Қазақстанның төрт дүркін чемпионы (1992-1995 жж).

2. Бейбіт Шүменов (18-2, 12 KO)

Әзірше екі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы атанған – жалғыз қазақ.

  • WBA тұжырымы бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы (29 қаңтар 2010 жыл – 14 желтоқсан 2013 жыл);
  • WBA тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионы (21 мамыр 2016 жыл – 31 мамыр 2019 жыл)

Тұздық: Дәл қазір WBA тұжырымының бірінші ауыр салмағындағы жағдай – адам түсінгісіз. Қазір қағаз жүзінде төрт боксшы Әлем чемпионы бар. Олар – Александр Усик (суперчемпион), Арсен Гуламирян (уақытша чемпион) және Бейбіт Шүменов (демалыстағы чемпион), Денис Лебедев (демалыстағы чемпион).

Әуесқой бокстағы жетістіктері: Азия чемпионы (2004 ж). І Афро-Азия ойындарының күміс жүлдегері (2003 ж).

3. Жанат Жақиянов (27-2, 18 KO)

WBA тұжырымы бойынша жеңілдеу салмақтағы әлем чемпионы (7 қараша 2015 жыл – 21 қазан 2017 жыл).

Әуесқой бокстағы жетістіктері: Ғалым Жарылғапов атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы (2006 ж).

4. Геннадий Головкин (40-1-1, 35 KO)

WBA (14 тамыз 2010 – 15 қыркүйек 2018), IBF (17 қазан 2015 – 15 қыркүйек 2018; 5 қазан 2019 – қазір), WBC (18 мамыр 2016 – 15 қыркүйек 2018), сондай-ақ IBO (9 желтоқсан 2011 – 15 қыркүйек 2018; 5 қазан 2019 – қазір) тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы.

GGG орта салмақтағы чемпиондық атағы мен белбеуін 20 рет қорғап қалып, Бернард Хопкинстің рекордын қайталаған. 2008 жылғы 22 қарашадан 2017 жылғы 17 наурызға дейін, тоғыз жыл бойы 23 рет қатарынан нокаутпен жеңіске жеткен.

Әуесқой бокстағы жетістіктері (345 жеңіс, 5 жеңіліс): 2004 жылғы Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2003 жылғы Әлем чемпионы, Азия (2004 ж) және Азия ойындарының (2002 ж) чемпионы, Шығыс Азия ойындарының чемпионы (2001 ж) және Қазақстанның жеті дүркін чемпионы.