Кроуфорд VS Хорн – бокс көреміз бе, төбелес тамашалаймыз ба?

6 маусым 2018 ж.
Кроуфорд VS Хорн – бокс көреміз бе, төбелес тамашалаймыз ба?

Маусымның 9-ы күні Лас-Вегаста осы айдың басты айқастарының бірі Теренс Кроуфорд пен Джефф Хорн арасындағы жекпе-жек өтеді. Екеуі де әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген. Сондықтан, екеуінің біреуі шаршы алаңнан мұңайып қайтары түсінікті.

Кәсіпқой бокс әлеміне өткен жылдың шілдесінде әйгілі Мэнни Пакьяоны жеңгеннен кейін кеңінен танылған Джефф Хорн жартылай орта салмақ дәрежесіндегі WBO чемпионы. Бұл белбеуді былтыр Пакьяодан тартып алған. Жалпы, кәсіпқой бокста 19 жекпе-жек өткізіп, біреуінде ғана тең түссе, қалған барлығын өз пайдасына шешкен. 12 қарсыласын нокаутпен ұтқан. Дегенмен, Хорн бұған дейін Аустралиядан тысқары жерде жұдырықтасып көрмеген екен. АҚШ-қа бірінші рет бара жатыр. Ал әуесқой деңгейде 2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысып, 64 келі салмақ дәрежесінде ширек финалда сүрінген.

Хорнның қарсыласы таныстыруды аса қажет етпейтін америкалық боксшы Теренс Кроуфорд. Бірінші жартылай орта салмақ дәрежесіндегі барлық белбеуді біріктіріп, абсолютті чемпион атанған Кроуфорд үшін алдағы айқас жартылай орта салмақтағы бірінші жекпе-жек болмақ. Кәсіпқой бокста жүргеніне биыл 10 жылдан асқан Теренс содан бері 32 рет шаршы алаңға шығып, барлығында жеңіске жеткен. Соның 23-ін ерте аяқтаған.

Жалпы, жекпе-жек 14 сәуірде өтуі тиіс болатын. Алайда, Кроуфорд қолынан жарақат алып қалғаннан кейін қос мықтының кездесуі маусымның 9-ына шегерілген-ді. Көпшіліктің пікірінше, америкалыққа бұл айқаста жеңіске жету аса қиындық тудырмауы тиіс. «Аустралиялық боксшы жекпе-жекті төбелеске айналдырғысы келгенімен Кроуфорд оның құрығына түспейді» дейді мамандар. Десек те, Джефф Хорн да өз күшіне өте сенімді.

Мен өз күшіме сенемін. Жеңе аламын. Оның әлеуетін көпшілік тым әсірелеп жіберген. Әлбетте, мықты екеніне шүбә келтірмеймін. Бірақ, мен де оңай шағылар жаңғақ емеспін, – деді аустралиялық боксшы.

Текст: Sadvakas Maikibayev