Кроуфорд Пакьяомен кездесуден қаша ма, әлде құрметі зор ма?

21 шілде 2018 ж.
Кроуфорд Пакьяомен кездесуден қаша ма, әлде құрметі зор ма?

Таяуда Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өткен кәсіпқой бокс кешінде аргентиналық Лукас Матиссені нокаутпен жеңгеннен кейін әйгілі Мэнни Пакьяоны америкалық Теренс Кроуфордпен «шағыстырып» жатқандар көп. Бұл жекпе-жек өтуі мүмкін бе?

Промоутерлердің бұл екеуінің төбелесін ұйымдастыра алмай жүргендеріне екі-үш жылдай болып қалды. Жақында Пакьяо Куала-Лумпурда аргентиналық Лукас Матиссені нокаутпен жеңіп, WBA тұрақты чемпиондығын жеңіп алғаннан кейін бұл айқастың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Өйткені, екеуі де бір салмақта. Екеуінің де Америкада фанаттар базасы миллиондап саналады. Атақтары да жер жарып тұр. 39 жастағы «ПакМэн» кәсіпқой карьерасындағы соңғы жекпе-жектерінің бірін өткізіп жүргеніне қарамастан соңғы кездесуі әлі де бабында екендігін көрсетті. Ал 30 жасар Кроуфордтың күші тасып тұр. Бірінші жартылай орта салмақта барлық белбеуді беліне байлағаннан кейін 66,7 келі салмақ дәрежесінде де барлық чемпиондықты біріктіргісі келетінін жасырмайды. Сол белбеулердің бірі қазір Пакьяоның еншісінде.

– Бұл жекпе-жек туралы сонау 2015 жылдан бері айтылып келеді. Мен бұған алаңдамаймын. Егер мүмкіндік туа қалса, онда шаршы алаңға шығуға дайынмын. Ал әзірге бұл тұрғыда нақты қадамдар жасалып жатқан жоқ. Сондықтан, артық әңгіменің де қажеті шамалы болар, – деді Кроуфордтың өзі.

Десек те, Теренс Пакьяоға үлкен құрметпен қарайтынын әр сұхбатында білдіріп жүр. Мәселен, бұған дейін «ПакМэн қай қарсыласқа қарсы шығатынын өзі шеше алатын дәрежеге жеткен. Сондықтан, оның таңдауына құрметпен қарауымыз қажет», – деп те айтқан болатын.

Кәсіпқой бокста 69 айқас өткізген Мэнни 70-ші жекпе-жегі жайлы әлі ештеңе шешкен жоқ. Өз кезегінде 33 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Кроуфордтың да келесі кездесуді қашан өткізетіні әзірге белгісіз. Бірінде WBO, екіншісінде WBA чемпиондық белбеуі бар. Ендеше, неліктен шаршы алаңда кездесіп, қос белбеуді біріктірмеске?

Текст: Sadvakas Maikibayev