Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев қытай боксшысын жеңді

9 наурыз 2020 ж.
Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев қытай боксшысын жеңді

Иорданияда өтіп жатқан Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы лицензиялық турнирде ширек финалдық жекпе-жектердің бірінші бөлігі аяқталды. Бүгін кешкі сессиядағы ең соңғы жұпта Қамшыбек Қоңқабаев бақ сынап, 91 келіден жоғары салмақта Олимпиада жолдамасын жеңіп алды.

Қамшыбек ширек финалда Қытай боксшысы Маимаити Аихемаитимен кездесіп, басымдық танытты. Қоңқабаев бұл жекпе-жекте тактикалық тұрғыда сауатты өнер көрсетіп, қарсыласынан бұрын қимылдап отырды. Одан жылдамырақ болды. Соққыларын дітеген жеріне тигізе білді.

Бірінші раунд аса жоғары қарқында өтіп, екінші раундтың ортасынан бастап құшақтаса кетіп, уақыт өткізу жиілей бастады. Қытай боксшысы осылай Қамшыбектің құлаштап ұрған ауыр соққыларына тап болудан сақтанды. Әйтсе де, Қоңқабаев қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.Есеп – 5:0.

Сөйтіп, бүгін бес жігітіміз бен бір қызымыз Токио Олимпиадасының жолдамаларына ие болды. Олар – Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі) және Надежда Рябец (75 келі). Ертең жеңіл салмақтағы үш жігітіміз өз бақтарын сынайды.