Иорданияда жүрген Абылайхан Жүсіпов баспаналы болды

2 наурыз 2020 ж.
Иорданияда жүрген Абылайхан Жүсіпов баспаналы болды

Алғыс айту күні қарсаңында Қарағанды облысының меценаттары бірнеше отбасыларға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесіпті. Бұл ақпаратты Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты таратты. «Қазақстан – достық пен бейбітшілік бесігі» айдарымен ұйымдастырылған игілікті шарада пәтер кілттері мен бағалы сыйлықтар табыс етілген.

Солардың арасында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының саңлағы, елімізге еңбек сіңірген спорт шебері Абылайхан Жүсіпов те бар екен. «ККК «Инжиниринг» ЖШС директоры Александр Кик Абылайханға бір бөлмелі пәтердің кілтін сыйлаған. Ал шаруа қожалығының басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Шамиль Осин боксшыға осы пәтеріне тұрмыстық техникалар сатып алуы үшін 700 мың теңгелік сертификатты сыйға тартқан.

Бірақ бұл шараға Абылайхан қатыса алмаған. Өйткені ол 28 ақпан күні Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Иорданияға кеткен. Ертеңнен бастап Амман төріне керілген шаршы алаңда 2020 жылғы Олимпиада ойындарының жолдамалары сарапқа салынады. Жоғарыда аталған сыйлықтардың бәрі Жүсіповтің жары Индира келінімізге (қарындасымызға) табысталыпты. «Достық пен бейбітшілік бесігі» шарасына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мырза да қатысқан.