Ханның ендігі қадамы қандай болмақ?

10 қыркүйек 2018 ж.
Ханның ендігі қадамы қандай болмақ?

Кеше Бирмингемде өткен жекпе-жек кешінде колумбиялық Самуэль Варгасты жеңген Амир Хан келесі айқасында Мэнни Пакьяомен кездескісі келетінін айтты. Дегенмен, оның промоутері Эдди Хирн Ханға отандасы Келл Брукпен жекпе-жек ұйымдастырып бермекші.

Иә, Амир Хан мен Самуэль Варгас арасындағы айқас өте қызықты өтті. Боксшылар бірінші раундтан бастап-ақ бір-бірін аяған жоқ. Сериялық соққылар екі жаққа да дөп тиіп жатты. Ал екінші раундтың соңында алдымен Хан қарсыласын нокдаунға жіберсе, гонгтың естілуіне бірер секундтар қалғанда Варгастың өзі Амир Ханды есеңгіретіп тастады. Үшінші раундта британиялық боксшы тағы да колумбиялықты құлатты. Бірақ, қос тарап та өте ауыр соққылар алғанына қарамастан жекпе-жек соңына дейін созылып, 119:108, 119:109 және 118:110 есебімен Амир Хан жеңіске жетті.

Бір қызығы, жекпе-жектен кейін британиялық боксшы ринг-журналистің «келесі айқасыңызда кіммен кездескіңіз келеді?» деген сұрағына Теренс Кроуфорд емес, Эррол Спенс емес, тіпті Шон Портер немесе Кит Турман емес, филиппиндік Мэнни Пакьяоның есімін атады. Әлбетте, алғашқы төртеуіне әзірге шамасы жетпесін өзі де түсінетін шығар. Ал «Пакменге» қарсы жекпе-жекте Амир Хан жеңіске жете алмаса да, қаржы жағынан әжептеуір пайда таба алады.

Дегенмен, Амир Ханның промоутері Эдди Хирннің бұл туралы өз көзқарасы бар. Нақтысын айтқанда, Келл Брукпен төбелестіргісі келетін секілді.

– Оны өздері шешуі керек. Шамасы, Хан келесі жекпе-жегінде Пакьяо немесе Брукпен төбелескісі келетінін нақты шешті деп ойлаймын. Ол енді екі күн демалады да, жаттығуға қайта оралады. Келл де бұл жекпе-жекті күтіп жүр. Амир Ханның да сұрауы сол. Бұл айқас қазір өтуі қажет, әйтпесе, кеш болып кетуі мүмкін, – деді Эдди Хирн.

Эдди Хирннің бұл сөзін «Олар армандай береді, бәрін  шешетін мен» деп түсінуге болатын сияқты. Расымен де, Амир Ханға Пакьяодан гөрі Келл Брукпен келісу оңай секілді. Өйткені, екеуінің де промоутері бір. Тек «иә» десе болды, қалғанының бәрін Эдди Хирннің өзі қатырайын деп тұр. Ал қазір жекпе-жек өткізбесе, кейін екеуінің біреуі жеңіліп қалғаннан кейін бұл айқас ешкімге де қызық болмай қалатыны анық.

Текст: Sadvakas Maikibayev