Головкинге ІВF белбеуі қажет пе?

10 мамыр 2018 ж.
Головкинге ІВF белбеуі қажет пе?

Соңғы кездері Халықаралық бокс федерациясы Геннадий Головкиннің соңына түсіп алды. Тіпті «чемпиондық атағынан айырамыз» дегендей «қоқаң-лоқы» көрсетіп отыр. Ал осы белбеу Головкинге қажет пе?

Айта кетейік, бүгінде кәсіпқой бокс әлемінде төрт негізгі тұжырым бар. Олар: WBC, WBA, IBF және WВО. Осылардың ішіндегі ең беделдісі – WBC мен WBA. Бірақ, АҚШ-та құрметтісі – IBF. Оның өз себебі бар. Қалған үшеуінің орналасқан жерлері Мексика, Панама және Пуэрто-Рико болса, IBF АҚШ-та тіркелген. Сондықтан, америкалықтар бұл тұжырымның чемпиондарын қатты құрметтейді.

Дегенмен, Головкиннің жағдайында басқа жағынан қараған жөн секілді. Дәл қазір оған тек WBO чемпиондық атағы ғана жетіспей тұр. Промоутері Том Леффлер мен жеке бапкері Абель Санчестің айтуынша, Билли Джо Сондерс Геннадийге қарсы шаршы алаңға шығуға құлықты емес. Шықпайтын да секілді.

Өкінішке қарай, Головкин абсолютті чемпион бола алмайды. Өйткені, Сондерс ешқашан оған қарсы рингке шықпайды. Бізге оны ұмытып, өзімізге тиімді басқа жолды таңдау қажет, – деді жақында журналистерге Абель Санчес.

Ал абсолютті чемпион болу Головкиннің арманы. Сол үшін ғана белбеулерді өзімен бірге көтеріп жүр. Сол үшін ғана жақында IBF-ке 20 мың доллар төлеп, белбеуді өзінде алып қалды. Дегенмен, Сондерске жақындаған сайын аралары бұрынғыдан да қашықтап бара жатқандай әсер қалдыратыны да жасырын емес. Енді жете бергенде жарақат алып қалады немесе гонорар үшін аспандағы айды талап етіп, бағасын өсіріп жібереді. Сондықтан, Геннадийге «ұсталмайтын Джоны» ұмыту қажет. Сәйкесінше, абсолют болу арманымен қоштасқан жөн. Өмірде бәрі өз ойлағаныңдай бола бермейді. Ал Triple G бүгінде белбеусіз де әлемге әйгілі. Өзінің миллиондаған жанкүйері бар және телеарнада да кез келген рейтингіңді жасап береді.

Ендеше оған артық чемпиондық атақтардың не қажеті бар? «Канелоға» да бұл белбеулер қызық емес қой. Онсыз да жұлдыз. Онсыз да P4P төрінде болады. Демек, Головкинге IBF белбеуінен бас тартқан дұрыс-ау. Бұл осы тұжырым бойынша басты үміткер Сергей Деревьянченкодан қорыққандықтан емес. Мүлдем олай ойлауға болмайды. Бас жарылып, көз шығып кетсе де, боксшылар бір-бірінен қашпайды. Мәселе Деревьянченкомен болатын жекпе-жектің қаншалықты табыс әкеле алатындығында. Ал табыс әкелмесе, Головкин қазір әр жекпе-жекке уақыт жоғалтатын жаста емес. Енді төрт жылдан кейін 40-қа толады. Сондықтан, шама барда шаршы алаңнан барынша пайда табуға тырысуы керек. Яғни, Деревьянченконың емес, Сауль Альварестің, Риота Мурата мен Крис Юббенктің, қала берді екінші орта салмақтағы Джордж Гроувз, Хильберто Мартинестердің соңына түсуі керек.

Оның үстіне, ІВF – өзге ұйымдармен санаса бермейтін, бірінші кезекте спорттық принціптерді ұстанатын ең қатал ұйымдардың бірі. Қаталдығы соншалық, әр жарты жыл сайын белбеуді қорғауың қажет. Ал былтырға дейін боксшылар жекпе-жек өтетін күні таразыға тұрып, көрсетілген лимиттен аспауы керек болатын. Сондықтан, бұл белбеуден өткен жылы Дэниел Джейкобстың өзі бас тартты. Ал 36 жастағы Головкин үшін жекпе-жек күні таңәлекеуіммен таразыға тұру қаншалықты оңай емес екенін өздеріңіз де түсініп отырған шығарсыздар. Рас, қазір ІВF бұл ережені алып тастады. Сонда да боксшылардан шаршы алаңға шықпас бұрын бір өлшеніп алуларын сұрайды.

Бір сөзбен айтқанда, кәсіпқой бокс бүгінде тек спорт емес, бизнес. Оны табыс көзіне айналдырып алған Геннадий Головкин үшін аталмыш белбеулердің қаншалықты қажеттігін өздеріңіз де ойлап көріңіздер.

Текст: Sadvakas Maikibayev