Головкин VS Альварестің – «Санта-Барбара» немен аяқталар екен?

1 маусым 2018 ж.
Головкин VS Альварестің – «Санта-Барбара» немен аяқталар екен?

Геннадий Головкинмен келісе алмаған «Golden Boy» промоутерлік орталығының басшылары қыркүйек айында Сауль Альвареспен жекпе-жекке шығуы мүмкін жаңа үміткерлердің есімдерін тізіп өтті. Қайсысымен кездесуі мүмкін?

Билли Джо Сондерс, Дэниел Джейкобс, Джермалл Чарло, Гари О’Салливан және Дэвид Лемье. Міне, егер Геннадий Головкинмен келісе алмаса, Канелоның қарсыластары осылардың бірі болуы мүмкін.

– Пойыз кетіп қалды, Головкин. Сен біздің жақсы ұсынысымыздан бас тартып, өз талаптарыңды қойғың келді. Бірақ дұрыс жасамадың. Сенің орныңды басатын басқа боксшылар жетеді. Біздің жолымыз екіге айрылды, – деген «Golden Boy» басшысы Оскар Де Ла Хойя жоғарыда аталған боксшылардың есімдерін атады.

Бірақ, шыны керек, Альварестің алдағы қарсыласы Сондерс немесе Джейкобс болады дегенге сену қиын. Өйткені, бір жылдық үзілістен кейін Оскар да «сары баласын» бірден ТОП боксшылардың алдына шығармас. Джейкобстың қаншалықты қауіпті қарсылас екендігін былтыр Головкинге қарсы кездесуде байқадық. Сондерс те қу боксшы. Өзіне соққы өткізбейді. Қашып жүріп-ақ ұпай жинайды. Мұндай қарсыластар Канело үшін қолайсыз. Баяғыда Эрисланди Лараның да артынан қуып, соққыларын дұрыс өткізе алмай әбден терлеген. Ол қарсы алдыңда қасқайып, бетін «мә, ұр» деп тосып тұратын боксшыларды жақсы көреді. Сондерс ондайлардың қатарынан емес. Джермалл Чарло да қарымды боксшы. Де Ла Хойяның жүйкесін біраз жұқартуы мүмкін. Сондықтан, қыркүйекте Альварес бұл үшеуінің біреуімен де айқаса қоймас.

Ендеше кім? Гари О’Салливан ба, әлде Давид Лемье ма? Алғашқысының есімі көбірек аталып жүр. Оның үстіне, «Спайктың» жарнамасы күштірек. Ұрғанға да жақсы. Жоғарыда аталған өзге боксшылармен салыстырғанда әлсіздеу екені тағы бар. Дегенмен, өмірінде екі-ақ мықтымен (Сондерс, Юбенк) кездесіп, екеуінен жеңіліп қалған боксшымен жұдырықтасу Канелоға қандай абырой берер екен?

Дегенмен, мұның барлығы құр бопсалау сияқты. Головкинді өз талаптарына көндірудің бір амалы болуы да әбден мүмкін. Сондықтан, қызықтың бәрі алда. «Санта-Барбара» әлі аяқталған жоқ.

Текст: Sadvakas Maikibayev