Головкин промоутерімен қоштасты ма?

12 желтоқсан 2018 ж.
Головкин промоутерімен қоштасты ма?

Боксшының өзі немесе Том Леффлер бұл ақпаратты растаған жоқ. Әйтсе де, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Сондықтан, біз де аталмыш тақырыптағы өз пайымымызды білдіре отырайық.

Кеше АҚШ-тың The Los Angeles Times басылымы кәсіпқой боксқа арналған қызықты ақпараттар жиынтығын жариялады. Бір тақырыбы жерлесіміз Геннадий Головкин туралы екен.

«Ешкім білмейтін жерде демалысын өткізіп жүрген орта салмақтың экс-чемпионы Геннадий Головкин жаттықтырушысы Абель Санчес уәде еткендей алдағы жоспарымен жақын арада бөлісуі тиіс. «Ол барлық тараппен кездесті. Қазір бәрін ой елегінен өткізіп жүр. Болашағын өзі шешуге құқылы. Өйткені, алда кәсіпқой бокста 3-4 жыл, сәйкесінге 6-7 жекпе-жегі ғана қалды», – деді Санчес.

Головкин (38-1-1, 34КО) жақында ағылшын промоутері Эдди Хирнмен кездесіп, DAZN сервисі жайлы сөйлесті. Өз кезегінде бұл стримингтік жүйе Канеломен 11 жекпе-жекке келісімшартқа отырып, сол үшін мексикалық боксшыға 365 мың доллар төлейтін болады. Ал Альварестің DAZN аясындағы алғашқы айқасы 15 желтоқсанда «Мэдисон Сквер Гарденде» өтеді.

DAZN стримингтік жүйесімен келісімшартқа отырар болса, Головкин Альвареспен трилогия өткізуге немесе ІВҒ тұжырымының чемпионы Дэниел Джейкобспен қайта кездесуге мүмкіндік алады.

Алайда, Triple G Лос-Анджелесте өткен Деонтей Уайлдер мен Тайсон Фьюри арасындағы жекпе-жек кешінде Premier Boxing Champions промоутерлік орталығының басшысы Эл Хеймонмен де кездесті. Fox және Showtime телеарналарымен тығыз байланыс орнатқан Хеймон оған 22 желтоқсанда кезекті жекпе-жегін өткізетін орта салмақтағы үздіктердің бірі Джермалл Чарлогны ұсынып отыр.

Ал шаршы алаң сыртында Головкин өзінің бұрыннан келе жатқан промоутері Том Леффлерден кететіндігі туралы сыбыстар өршіп тұр. Бірақ, Абель Санчес мұны растаған жоқ.

«Боксшы – бұл боксшы, ал промоутер – промоутер. Головкин өзінің отбасы үшін ең жақсы шешімді қабылдайтынына сенімдімін. Ол бұған толық лайық», – деді Санчес.

Леффлер The Times сұрағына жауап берген жоқ».

Бұл The Los Angeles Times басылымындағы материал. Әлбетте, әлі ешбір тарап бұл ақпаратты растаған жоқ. Бірақ, жоққа да шығармады. Дегенмен, Головкиннің DAZN, ESPN және Showtime сынды алып телеарналардың жетекшілерімен Леффлерсіз кездескендігін ескерсек, Том екеуінің одақтастығы ақырындап ыдырай бастағандай ма дейсің. Оның үстіне, Лас-Вегастың «T-Mobile» аренасын 2019 жылдың 4 мамырына резервтеп қойғандар бар екен. Кім дейсіз бе, «Golden Boy promotions» пен «GGG promotions». Иә, Том Леффлер басқаратын «К2 promotions» немесе «360 promotions» емес, Головкиннің өз компаниясы.

Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Том Леффлердің одағы 2010 жылдан бері жалғасып келеді. Ары қарай қалай болар екен?

Текст: Sadvakas Maikibayev