Ғажап! Тайсон Фьюри Деонтей Уайлдерді техникалық нокаутпен жеңді

23 ақпан 2020 ж.
Ғажап! Тайсон Фьюри Деонтей Уайлдерді техникалық нокаутпен жеңді

Британдық Тайсон Фьюри (30-0-1, 21 KO) мен америкалық Деонтей Уайлдер (42-1-1, 41 KO) арасындағы екінші жекпе-жек аса жоғары қарқында басталды. Құдды, рингте салмақтары бір центнерден асатын алыптар емес, орта салмақтың сайыпқырандары жүргендей. Әсіресе, «Цыған королінің» қарқыны да, құлшынысы да – керемет!

Бірінші раундта Фьюри алға ентелеп, қарсыласын төпелеумен болды. Уайлдер оны қарсы соққымен тойтаруға тырысты. Алайда оның бұл ойы бір-ақ рет жүзеге асты. Екінші раундта осы мәтінде өрбіді. Тайсон тықсырып, Деонтей оңтайлы сәтті күтіп жүр...

Үшінші раундта да Фьюри алға ұмтылды. Пәрменді бір соққысы дөп тиді. Әрі қоян-қолтық айқаста бар салмағымен Уайлдерді басып, мойнынан қысып, титықтата бастады. Дәл осы раундтың соңында «Цыған королі» соққысы мақтаулы қарсыласын сұлатып салып, нокдаунға түсірді.

Төртінші раунд. Фьюри жігерленіп алған. Тек алға қарай ентелейді. Есін жиғызбай, төпелей бергісі келеді. Рингте үстемдік құра бастады. Уайлдер өз білгенінен жаңылып, дәлдеп жұдырық жұмсаудан қалып барады. Оң қолымен шірене тартатын соққыларын көрер емеспіз...

Бесінші раундта да Фьюридің қуатты соққылары қарсыласына дөп тие бастады. Уайлдердің еңсесі түсіп кеткендей. Серпіліс сезілмейді. Ал «Цыған королі» рингте ойнақ салып, Деонтейді тағы да нокдаунға түсірді. Бірақ осы раундтың соңында төреші Тайсонның бір ұпайын алып тастады. Қарсыласына құшақтап алып, төмен басып, жанжуын қояр емес.

Алтыншы раундта Фьюри соққыны қарша боратып, қарсыласын тықсыра түсті. Айылын жияр емес. Уайлдер шегіншектеп, бәріне төзіп жүр. Үсті-басы – қызыл жоса қан. Тіпті құлағынан да қан аға бастады. Тайсонның көзі от шашып тұр. Ал Деонтей тек арқан жағалап жүр, жүзі түнеріп кеткен.

Жетінші раундта Фьюри тағы қамшыны басты. Қамшыны емес-ау, оңды-солды соққыны жаудырды. Уайлдер бұрышқа барып тығылды. Тайсон оны бастырмалатып соққының астына ала бастады. Сол кезде Деонтейтің бұрышынан рингке ақ сүлгі лақтырылды.

Төреші жекпе-жекті тоқтатты. Уайлдер аң-таң, жүзінде – «неге» деге сұрақ. Жаттықтырушылары құлағынан қан тоқтамай ағып тұрғанын айтып, сабасына түсіріп жатыр. Сонымен, бүгін Тайсон Фьюри құйындай орап соқты. Бүгін Тайсон Фьюри – чемпион! Ол айбынды қарсыласының көзіне көк шыбын үймелетті. Ол бүгін сөзінде тұрып, чемпиондық «таққа» қайта отырды.