Елдос Сарқұлов – Қарқынымды үдете түстім

30 мамыр 2016 ж.
Елдос Сарқұлов – Қарқынымды үдете түстім

Біраз уақыт көзден таса болған Елдос Сарқұлов кәсіпқой бокс шаршы алаңына қайта оралып, өзбектің өжет боксшысынан өктем түсті.

Астанадағы кәсіпқой бокс кешінде Елдос өзбек Шерзодбек Мамаджоновпен айқасқан болатын. Ала шапанды көршілеріміздің бұл боксшыс алған бетінен қайтпайтын қайсар жігіт болып шықты. Кәсіпқой бокс рингіндегі айқастарға бейімделіп қалғаны да байқалады.

Десек те, Елдос ерлік танытты. Ширақ қимылдап, қарсыласының алдын орап кетуге тырысты. Әрі бес раунд бойы “тізгінін” тартқан да,  айылын жиған да жоқ. Толассыз шабуылдап, Шерзодбек шаршатты. Қарсыласын ес жиғызбай, есеңгіретуге тырысты.

Титықтап қалған өзбек боксшысы алтыншы раундқа шықпады. Төреші Мамаджоновтың секунданттарымен кеңесе отырып, жекпе-жекті тоқтатты. Өйткені Шерзодбек жарақаттанып қалған еді. Ал біз Елдостың сөзге тарттық:

– Кеш өте әсерлі болды. Көрермендер көп келді. Зал толы халық делебемізді қоздырды. Жалпы, бокс кеші аса жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жарнамасы да – жарасымды, сырттағы плакаттар да – мағыналы.

Ал қарсыласыма келер болсақ, өте ыңсайсыз, әккі боксшы болып шықты. Кәсіпқой бокстағы тәжірибесі мол екендігі де байқалады. Ұрғызбайды. Жып беріп, тайқып кетеді. Бір ғана кемшілігі, шаршаңқырап қалды. Екінші раундтың аяғында титықтай бастағанын сездім. Тек қарқынымды үдете түссем ғана, жеңіске жетуге болатындығын түсіндім.

Содан соң раунд сайын жылдамдығымды арттыра беруге тырыстым. Ол осыған ғана шыдай алмады. Мен алтыншы раундта да жоғары қарқында айқасуға дайын едім. Бірақ ол жарақатына байланысты соңғы раундқа шыға алмады. Бұл – шүмектетіп төккен тер мен сауатты тактикалық жоспарымыздың нәтижесі.

Осы кездесуге егжей-тегжей дайындалуыма жағдай жасаған Diamond Ring промоутерлік компаниясына алғысым – шексіз. Кәсіпқой бокс рингіндегі жеңістерімді сабақтай түсуіме жан-жақты көмектесіп, ықпал еткен ағаларымның сенімінен шығып, еліміздің үмітін ақтауға тырысамын. Дәл осы кеште біздің боксшылардың бәрі де үстемдік танытты. Қуанышымыз ұзағынан болып, жеңістеріміз жалғаса берсін.

Текст: Sadvakas Maikibayev