Эль-Класико! Закир Сафиуллин Өзбекстан қазағынан ұтылып қалды

12 наурыз 2020 ж.
Эль-Класико! Закир Сафиуллин Өзбекстан қазағынан ұтылып қалды
Фото - kfb.kz

Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы Токио Олимпиадасының іріктеу турнирі мәресіне жетті. Финалдық жекпе-жектерді біздің жігіттерден рингке бірінші болып, Закир Сафиуллин шықты. 63 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған тәжірибелі боксшымыз Өзбекстан қазағы Елнұр Әбдірайымовпен жұдырық түйістірді.

Бұл өте тартысты және шектен тыс шиеленісті шайқас болды. Шетелдік басылымдар, атап айтқанда, olympicchannel.com сайты бұл жекпе-жекке «Орта Азияның Эл-Класикосы» деген айдар тағыпты. Керемет! Қазақ-өзбек боксшылары арасындағы қызу бәсекелестікті алыс шетелдіктердің өздері осылай өте бағалап отырса, не арман?! Лайықты теңеу емес пе?

Ал Закир мен Елнұр арасындағы жекпе-жек шынымен де қиян-кескі шайқас болды. Қайсыбіреуін басым түсті деп, кесіп айту қиын. Кәсіпқой бокс болса, төрешілер бастарын ауыртпай, соққыларын санамай, «ит жығыс» дей салар ма еді? Екеуі бірін-бірі бет-ауыздары көгеріп және ісіп, ескі жарақаттары қанағанша төпеледі. Ешқайсысы да тізгін тартқан жоқ.

Закир көбінесе бастырмалата ұрып, қос қолымен оңды-солды қойғыштады. Елнұр Нұрғалиұлы болса, қарсыласының аңысын аңдап жүріп, дәлдеп ұруға тырысты.Сондықтан оның дөп тиген соққылары көзге көрініп тұрды. Содан ба, әйтеуір төрешілер жеңісті свәл-пәл ғана басымдықпен Әбдірайымовқа беріпті. Есеп – 2:3 (28:29, 30:27, 28:29, 28:29, 29:28). Закир Сафиуллин күміс жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды.