Эгис Климас Жәнібек Әлімханұлына көмектесе ала ма?

22 мамыр 2018 ж.
Эгис Климас Жәнібек Әлімханұлына көмектесе ала ма?

Қазақтың тағы бір талантты боксшысы, 2013 жылғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы әйгілі менеджер Эгис Климаспен келісімшартқа отырды. Бұл Климастың командасындағы жалғыз қазақ емес. Ендеше Жәнібекке аталмыш серіктестік не беруі мүмкін?

Климаспен келісімшартқа отырғандығы туралы бүгін Әлімханұлының өзі айтты. Алматыда журналистерге арнап ашық жаттығу өткізген әлем чемпионы ертең АҚШ-қа ұшып бара жатыр екен. Сол жақта келесі жекпе-жегінің мәселесін шешіп, жаңа менеджермен толыққанды келісімшартқа отырмақ екен. Дегенмен, бұл келісімшарт Жәнібектің карьерасын бірден сәтті етеріне кепіл болар біреу бар ма?

2017 жылдың ең үздік менеджері атанған Эгис Климастың қарамағында посткеңестік боксшылардан Василий Ломаченко, Сергей Ковалев, Александр Усик, Александр Гвоздик сынды мықтылар бар. Сондай-ақ, канадалық Адонис Стивенсон да осы менеджердің клиенті. Біз атамаған талай мықтылары да жетерлік. Қазақтардан Қанат Ислам, Мадияр Әшкеев, Мейірім Нұрсұлтанов, Сағадат Рахманқұлов, Асқат Уәлиханов бар. Енді бұлардың қатарына Жәнібек Әлімханұлы да қосылды.

Әлбетте, расымен де Климастың командасына кірер болса, Жәнібекке кәсіпқой бокста жаңа жолдар ашылатыны түсінікті. Дегенмен, менеджерден бөлек, кәсіпқой бокста көп нәрсе боксшының өзіне де байланысты. Климас қанша жерден іскер маман болса да, бәріне бірдей көңіл бөлу оңай емес. Рас, ешкімді де шетқақпай, шаршы алаңға тұрақты түрде шығарып тұруға тырысары сөзсіз. Алайда, боксшы менеджер сұраған сәтте айқасқа дайын болмаса, онда бұл жерде Климас та, басқаң да көмектесе алмайды. Оның үстіне, дәл қазір Эгис те Василий Ломаченко, Сергей Ковалев сынды ТОП боксшылар тұр. Тіпті, Қанат Исламның өзі де командасына қосылғанына үш айдан асса да, әзірге шаршы алаңға қашан, кіммен шығатыны нақты белгісіз болып тұр.

Яғни, Жәнібекке ешкімге сенбей, бірінші ретте жекпе-жектерге өзі дайын болу қажет. Ал шаршы алаңға шығатын мүмкіндік келесі аптада-ақ туып қалуы мүмкін. Егер бірінші айқасында өзін жақсы жағынан көрсетіп, жарқын жеңіске қол жеткізе алса, онда келесі айқастардың есіктері өзі-ақ айқара ашыла бастайды.

Ал біз өз кезегімізде ертең АҚШ-қа аттанып бара жатқан боксшымызға сәттілік тілейміз.

Текст: Sadvakas Maikibayev