Эдди Хирнге Хулио Сезар Чавес неге қажет болды?

10 тамыз 2018 ж.
Эдди Хирнге Хулио Сезар Чавес неге қажет болды?

Әйгілі промоутер Эдди Хирн кеше әлемнің экс-чемпионы кіші Хулио Сезар Чавеспен келісімшартқа отырғысы келетінін мәлімдеді. Шаршы алаңға шықпағанына бір жылдан асқан бұл боксшы ұлыбританиялық промоутерге неге қажет болды екен?

Ұлыбританияда Фрэнк Уорреннің өзінен асып түсіп, Еуропадағы ең беделді промоутерге айналған Эдди Хирн биылдан бастап Америка нарығын жаулауға көшті. Қазір ол басқаратын «Matchroom Boxing» промоутерлік орталығында Энтони Джошуа, Каллум Смит, Келл Брук, Райан Барнетт, Скотт Куигг, Артур Бетербиев, Амир Хан, Дилиан Уайт, Джаррел Миллер, Дерек Чисора, Дэниел Джейкобс, Исаак Чимберлен, Джесси Варгас, Деметриус Андраде, Энтони Фаулер, Тони Белью сынды саңлақтар бар. Енді осылардың қатарына Хулио Сезар Чавес те қосылмақ.

32 жастағы Чавес кәсіпқой бокста 54 жекпе-жек өткізіп, 50 кездесуінде жеңіске жеткен. 32 қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген. Пассивінде үш жеңіліс бар. Бір рет тең түскен. Рас, соңғы рет шаршы алаңға былтыр мамыр айында шығып, Сауль Альварестен ұтылған. Бірақ оның Латын Америкасында атағы зор. АҚШ-тың оңтүстігінде де жанкүйерлері жетерлік. Сондықтан, британиялық промоутер Хули Сезар Чавес арқылы Американы да жауламақ.

Оның үстіне, «Matchroom Boxing» промоутерлік орталығы биыл жыл басында «Perform Group» медиа гигантымен сегіз жылдық келісімшартқа отырған. Келісім бойынша Эдди Хирн жыл сайын 32 бокс кешін ұйымдастырып, DAZN стриминг жүйесі арқылы трансляциялауы тиіс. Бұл үшін Хирн 1 миллиард доллар алып отыр. Міне, сондықтан оған қазір боксшылар әскерін барынша көбейту қажет.

– Хулио Сезар Чавесте бізге қажетті қасиеттің бәрі бар. Екінші жартылай орта салмақта жұдырықтасып, Латын Америкасындағы фанаттардың барлығын бізге тартатын болады, – деді Эдди Хирн.

Ал Чавес бір жарым жылдық үзілістен кейін күзде шаршы алаңға қайта оралып, аргентиналық Серхио Мартинеспен жекпе-жек өткізуі мүмкін. Қазір қос боксшы өзара келіссөздер жүргізіп жатыр.

Текст: Sadvakas Maikibayev