Джордж Гроувс VS Крис Юбенк – британдықтардық бәсекесі кімнің пайдасына шешіледі?

14 ақпан 2018 ж.
Джордж Гроувс VS Крис Юбенк – британдықтардық бәсекесі кімнің пайдасына шешіледі?

Алдағы сенбі күні Англияның Манчестер қаласында Дүниежүзілік бокс сериясының екінші орта салмақ дәрежесінің жартылай финалы аясында Джордж Гроувс пен кіші Крис Юбенк кездеседі. Мамырда өтетін финалға қайсысы шығуы мүмкін?

Алдымен Джордж Гроувс жайлы. WBA Super чемпиондық белбеуі бар бұл боксшының жасы 29-да. Кәсіпқой бокста тұп-тура 30 жекпе-жек өткізіп, соның 27-сінде жеңіске жеткен. Жиырма айқасын нокаутпен аяқтаған. Екінші орта салмақ дәрежесіндегі ең жойқын соққыға ие жігіттердің бірі. Оның соққыларына шыдас бергендердің бірі Мартин Мюррей.

Өмірімде екі рет соққысы жойқын боксшымен кездестім. Бірі – Геннадий Головкин, екіншісі – Джордж Гроувс. Оның соққылары өте ауыр. Сүйегіңнен өтеді, – деп еске алады мұны Мюррейдің өзі.

Дегенмен, Джордждың да құлаған кездері болған. 2013 жылы Карл Фрочпен айқасып, тоғызыншы раундта техникалық нокаут тіркелген. Бірақ, айта кету керек, Гроувс бұл жекпе-жекте Фрочтың жүйкесін әбден жұқартты. Тіпті, бірінші раундта қарсыласын есеңгіретіп те тастаған. Тоғызыншы раунд бәрін құртты. Қарсыласының сериялық соққыларынан кейін Гроувс оны құшақтап алғаны сол еді, төреші айқасты тоқтатып тастады. Осылайша, бұл айқастың арты үлкен дауға ұласып, Джордж қарсыласынан бірден реванш талап етті. Өйткені, бұған дейін қапталдағы төрешілердің хаттамасында 77:74 есебімен Гроувс алда тұрған. Көпшілік те оның жеңілісімен келіспеді. Алайда, 2014 жылдың мамыр айында өткен айқаста Фроч оны сегізінші раундта өте ауыр нокаутқа жіберді. Бұдан бөлек, Гроувс 2015 жылы Баду Джектен де жеңілген.

Крис Юбенк ше? Британдық қара жігіттің еншісінде 27 айқас бар. Соның біреуінде ғана қарсыласына есе жіберіпті. 2014 жылы орта салмақта Билли Джо Сондерстен ұтылған. Дегенмен, мамандар алдағы айқаста дәл осы Юбенкті фаворит санап отыр. 2017 жылдан бері екінші орта салмақ дәрежесінде жұдырықтасып жүрген оның соққылары да жойқын, қорғанысы да мығым. Мұнымен Джордж Гроувстың өзі келіспейді.

Юбенк өзін осы жекпе-жектің фавориті санап отыр. Менің дәуірім өтіп, оныкі басталыпты-мыс. Ол қателеседі. Юбенкке соққы тигізу оңай. Сондықтан, мен өз жеңісіме сенімдімін, – деді Гроувс.

Сонымен, жекпе-жек 17 ақпанда Англияның Манчестер қаласында өтеді. WBSS финалына қайсысы жолдама алар екен?

Текст: Sadvakas Maikibayev