Diamond Ring боксшылары келесі жекпе-жектеріне Киевте дайындалады

30 наурыз 2016 ж.
Diamond Ring боксшылары келесі жекпе-жектеріне Киевте дайындалады

Diamond Ring боксшылары Бекман Сойлыбаев пен Берікбай Нұрымбетов Украина астанасына барып орналасты. Енді олар бір жарым ай бойы тер төгіп, мамыр айында Астанада өтетін кәсіпқой бокс шоуына Днепр жағасында дайындалатын болады.

Қазақ боксшыларының оқу-жаттығу жиындарын Украина жерінде өткізулері кездейсоқтық емес. Әу баста жаттығу жұмыстарын Солтүстік Америка құрлығында өткізу жоспарланған. Бірақ ол жаққа жерсіну мен туған елге келіп, Астана төрінде өтетін жекпе-жектер қарсаңында қайта бейімделу үдерістері біраз уақытты алатындығы ескеріліп, қос боксшыны Киевке жіберу туралы шешім қабылданды.

Ертеңнен бастап қазақ боксшылары Андрей Синепупов мектебінің базасында жаттығу жұмыстарын бастайды. Кәсіпқой бокстан Украинаның алғашқы чемпионы техникалық шеберлігімен ғана емес, қаймықпай соққы алмасу қабілетімен де көзге түсіп, аты шыққан. Енді біздің боксшылар менеджерлердің ішкі есептері бойынша соққыларының қарсыласын сұлатып салатындай қуатты болуларына көңіл бөлулері керек.

Ал келесі аптадан бастап спаррингтік жаттығулар басталады. Мұнда Бекман мен Берікбай жұдырықтасу мәнерлеріне жаңа әдіс-тәсілдер енгізуге машықтанады. 11 сәуірден бастап, спаррингтік жекпе-жектер серияларын өткізу жоспарпланған.

Бұл ретте, олардың серіктестес-қарсыластары да дайын. Сойлыбаев Украина кәсіпқой боксының ең үздік ұландарымен шеберлігін шыңдай түседі. Атап айтқанда, Еуропа чемпионы, WBA және WBO тұжырымдары бойынша құрлықаралық чемпион Олег Ефимовичпен, сондай-ақ Кәртамыс ғаламның жеңімпазы, WBO тұжырымының құрлықаралық чемпионы Станислав Мердовпен шаршы алаң көрігін қыздырады.

Нұрымбетовтің спарринг-серіктері Украинаның әлеуеті зор, кәсіпқой бокс рингінде мейілінше шыныққан күрзі жұдырықты жігіттері болады.

Спаррингтік жекпе-жектер өте қызықты болады. Өйткені боксшылардың бәрі де оған арнайы дайындалып, іс жүзінде өздерін қарымды қарсыласымен сынап көруге тырысады.

Естеріңізге сала кетейік, Бекман мен Берікбайдың мүдделерін қорғайтын Diamond Ring компаниясы осыдан біраз уақыт бұрын қазақ топырағында кәсіпқой бокс кешін өткізетіндігін мәлімдеген. Бұл кеш бокс десе делебесі қозатын, спортың осы түрін ерекше сүйетін қазақ жанкүйерлері үшін теңдессіз сый болады.

Текст: Sadvakas Maikibayev