Деонтей Уайлдер мен Тайсон Фьюри шаршы алаңда екінші рет айқасады

13 ақпан 2020 ж.
Деонтей Уайлдер мен Тайсон Фьюри шаршы алаңда екінші рет айқасады

Келесі сенбі күні, яғни 22 ақпанда (ал біздің уақытпен жексенбіде, 23 ақпан күні таңертең) америкалық Деонтей Уайлдер (42-0-1, 41 KO) және британдық Тайсон Фьюри (29-0-1, 20 KO) Лас-Вегас төрінде қарымта матч өткізіп, WBC тұжырымы бойынша ең ауыр салмақтағы чемпиондық атақты сарапқа салады.

Ұмыта қойған жоқ шығарсыздар, 2018 жылы желтоқсан айында ұйымдастырылған бірінші жекпе-жек шектен тыс шиеленісті өткен. Басында Тайсон Фьюридің жылдамдығы жоғарылау болып, соққыны көп жұмсаған-тын. Қысқасы, жіті қимылдап, басымдық танытқандай еді...

Алайда соққысы қуатты Деонтей Уайлдер аңдысын аңдап жүріп, «Цыған королін» екі рет нокдаунға түсірген (9-шы және 12-ші раундтарда). Бірақ британдық-ирландық алып аяғына тез тұрып, жекпе-жекті одан әрі жалғастырған болатын. Сөйтіп, 12 раундтық жекпе-жектің қорытындысында төрешілер шешімі екі айырылған – 115:111 (Уайлдер), 114:112 (Фьюри) және 113:113.

Осылай, төрешілер қайсысының жеңіске жеткенін дөп басып айқындап бере алмай, тең нәтиже тіркелген. Енді, міне, екі алып шаршы алаңда қайта шайқаспақ. Соққысы пәрменді, жұдырығы балғадай Деонтей Уайлдер қарсыласын сұлатып сала ма? Жоқ әлде, жанкешті, табанды Тайсон Фьюри айласын асыра ма?

Осы ретте айта кетейік, Лос-Анджелесте өткен өзара бірінші жекпе-жектен кейін екеуі де екі рет шаршы алаңға шығып, жеңіске жетті. Уайлдер екі мәрте WBC тұжырымы бойынша өзінің чемпиондық белбеуін қорғап қалды. Былтыр 18 мамыр күні өз отандасы Доминик Бризилді бірінші раундта құлатты. Ал қоңыр күзде, 23 қарашада Куба қабыланы Луис Ортисті жетінші раундта сұлатты.

Өз кезегінде Тайсон Фьюри де қарап қалмады. Былтыр, яғни 2019 жылы 15 маусымда көпшілікке аса таныс емес, бірақ бірде-бір рет ұтылмаған неміс боксшысы Том Шварцты екінші раундта нокаутпен жеңді. Бұдан соң 14 қыркүйекте швед Отто Уаллинді 12 раундтық айқаста төрешілердің бірауызды шешімімен ұтты – 118:110, 117:111, 116:112.

Айтпақшы, «Деонтей Уайлдер vs Тайсон Фьюри – 2» жекпе-жегін Қазақстан жанкүйерлері «Хабар» арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады. Ал әзірше біздің сайтымыздың «VIDEO» бөлімінен бұл екеуінің бұрынғы жекпе-жектерінің үзінділерін көрулеріңізге болады.