Cәкен Бибосынов соңғы мүмкіндігінде Токио Олимпиадасының лицензиясын жеңіп алды

11 наурыз 2020 ж.
Cәкен Бибосынов соңғы мүмкіндігінде Токио Олимпиадасының лицензиясын жеңіп алды
Фото - olympic.kz

Токио Олимпиадасының Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы іріктеу турнирінде бүгін – шешуші жекпе-жектер. Күндізгі бөлімде қосымша жолдамаларды сарапқа салынып, қалдық лицензиялардың иелері анықталды. Біздің боксшылардан мұндай соңғы мүмкіндік ерлер арасындағы 52 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Сәкен Бибосыновқа берілген еді.

Сәкен ширек финалда ұтылып қалып, Олимпиада лицензиясына қол жеткізе алмаған еді. Алайда бұл салмақта Азия және Мұхит жағалаулары елдеріне алты жолдама бөлінген еді. Сондықтан 1/4-финалында жеңіліске ұшыраған төрт боксшы қалған екі жолдамаға таласты. Бибосынов Филиппин жігіті Карло Пааламмен жұдырық түйістірді.

Әрине, жолдама екеуіне де керек. Сондықтан аянған ешқайсысы жоқ. Филиппин жігітінің құлшынысы – адам қызығарлықтай. Алға қарай өзеуреп, бағын тек шабуылдан іздейді. Сәкен де тартынған жоқ. Ұлттық құрама сапындағы жеті боксшымыз елге Олимпиада жолдамасымен олжалыв оралғанда, жалғыз өзі қалай құр қол қайтсын!?

Сәкен Филиппиннің жанкешті жігітіне қарағанда техникалық шеберлігі мол екенін көрсетті. Тактикалық тұрғыда асып түсті. Соққыларының көбісін дәл тигізіп отырды. Кейде бастырмалатып, оңды-солды жұдырық сілтеп, соққыны қарша боратты. Ал Карло болса, пәрменді жұдырығына иек артты.

Үш раундтың қорытындысы бойынша, төрешілердің екі айырылған шешімімен Сәкен жеңіске жетті. Есеп – 4:1. Сөйтіп, ол да Олимпиада жолдамасына қол жеткізді. Яғни Ғалымбек Кенжебаев жаттықтыратын ұлттық құрамамыз Токиоға толық құрамда барады. Мамыр айындағы бүкіләлемдік іріктеу турниріне барудың қажеті жоқ, енді.