Чарло – Монро жекпе-жегі болмауы мүмкін, Вилли допинг тексерістен өте алмады

15 желтоқсан 2018 ж.
Чарло – Монро жекпе-жегі болмауы мүмкін, Вилли допинг тексерістен өте алмады

Геннадий Головкиннің экс-қарсыласы Вилли Монро допинг дауына ілікті. Енді ол 22 желтоқсанда Бруклинде өтетін кәсіпқой бокс кешінде шаршы алаңға шыға алмауы мүмкін.

Дүниежүзілік бокс кеңесінің interium, яғни уақытша чемпиондық атағы сарапқа салынатын жекпе-жекте кіші-Вилли Монро отандасы Джермалл Чарлоға қарсы шаршы алаңға шығуы тиіс болатын. Алайда, Монроның ағзасынан допингтің белгісі табылған. Алайда, дәл қай түрі екені әзірге жарияланған жоқ. Боксшылар Дүниежүзілік бокс кеңесінің «Таза бокс» бағдарламасы аясында 3 қарашада допингтік тексерістен өтіпті. Енді Чарло – Монро жекпе-жегінің тағдыры қалай болатындығы белгісіз болып тұр. Өз кезегінде WBC бұл жайлы ресми мәлімдемені 17 желтоқсан күні жасауға уәде етті.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың сәуірінде жерлесіміз Геннадий Головкинмен кездескен. Ол кезде қазақстандық боксшы WBA super, WBC interium және ІВО чемпиондық белбеулерінің иегері болатын. Инглвудта өткен айқаста Головкин 6-шы раундта қарсыласын нокаутқа жіберген.

Ал өз кезегінде boxingscene.com сайты таратқан ақпаратқа сенсек, егер Монро жекпе-жектен шеттетілген жағдайда оның орнын ресейлік Матвей Коробов (28-1, 14КО) алмастыруы мүмкін. Бүгінде АҚШ-тың азаматтығын қабылдаған Коробов та осы кеште шаршы алаңға шығуды жоспарлап қойған. Сегіз раундтық текетіресте колумбиялық Хуан де Анхельмен төбелесуі тиіс болатын.

Дегенмен, бір қызығы, соңғы жекпе-жегін екінші орта салмақ дәрежесінің аясында өткізген Коробов алдағы айқасқа да 168 фунтқа дайындалып жүрген. Алты күннің ішінде орта салмаққа түсе алар ма екен? Коробовтың менеджері Майк Бороа әзірге бұл жайлы ешнәрсе айтпай отыр.

Текст: Sadvakas Maikibayev