Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерлері

28 ақпан 2020 ж.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерлері

Негізі, біздің елде бокс федерациясы 1959 жылы құрылған. 1992 жылы AIBA мүшесі болып танылып, Азия бокс конфедерациясы құрамына енді. Содан бері Қазақстан дербес мемелекет ретінде алты Олимпиада ойындарына, 14 әлем чемпионатына қатысты.

1993 жылдан бері ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасын алты бас бапкер жаттықтырған. Бәрі де – өзіміздің жергілікті мамандар (Әбдісалан Нұрмаханов, Тұрсынғали Еділов, Ермахан Ибраимов, Дамир Буданбеков, Мырзағали Айтжанов және Ғалымбек Кенжебаев).

Кейбір спорт түрлерінен, мәселен, футболдан ұлттық құрамамыздың барлық бапкерлерінің тізімі және олардың көрсеткен нәтижелері ғаламторда толығымен бар. Өкінішке қарай, бокстан Қазақстан ұлттық құрамаларының тізімін еш жерден кездестірмедік.

Бүгін күрзі жігітті қыз-жігіттеріміз (ерлер және әйелдер араларындағы ұлттық құрамаларымыз) Иорданияда өтетін «Олимпиада-2020 іріктеу турниріне» аттанды. Осыған орай, біз халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген жігіттерімізді дайындап, баптаған бас бапкерлер тізімін ұсынып отырмыз.
Марқұм Әбдісалан Нұрмаханов ағамыз күрзі жұдырықты жігіттерімізді Атланта Олимпиадасына бастап барды (1 алтын, 1 күміс, 2 қола). Тұрсынғали Еділов Сидней Олимпиадасында қазақ боксы тарихындағы ең жоғары жетістікке қол жеткізді – 2 алтын, 2 күміс. Ермахан Ибраимов Афиныдан үш медаль әкелді (1 алтын, 1 күміс, 1 қола).

Дамир Буданбеков Бейжіңде екі жүлдемен шектелді (1 алтын, 1 қола). Мырзағали Айтжанов – әзірше екі Олимпиадаға барған жалғыз бапкер. Лондоннан үш (1 алтын, 1 күміс, 1 қола), ал Риодан төрт (1 алтын, 2 күміс, 1 қола) медаль әкелген. Ғалымбек Кенжебаев бұйырса, биыл жазда барады...

Ұлттық құрама бапкерлерінің жетістіктері

Бас бапкерлеріміздің әлем чемпионаттарындағы жүлделерін жіктеп шықсақ артық етпес:

Әбдісалан Нұрмаханов – 1993 (0+0+1), 1995 (0+1+1)

Тұрсынғали Еділов – 1997 (0+1+1), 1999 (1+1+1), 2001 (0+1+0)

Ермахан Ибраимов – 2003 (2+0+0)

Дамир Буданбеков – 2005 (2+0+3), 2007 (1+0+2), 2009 (0+0+1)

Мырзағали Айтжанов – 2011 (0+2+2), 2013 (4+2+2), 2015 (0+2+0), 2017 (1+2+3)

Ғалымбек Кенженбаев – 2019 (1+1+4)