Әбілхан Аманқұл Қытай қазағы Таңатхан Тоқтарбекті жеңді

11 наурыз 2020 ж.
Әбілхан Аманқұл Қытай қазағы Таңатхан Тоқтарбекті жеңді
Фото - kfb.kz

Қызық болғанда, Токио Олимпиадасының Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы іріктеу турнирінде екі қазақтың жолы түйісті. Негізі, әр елден бір-ақ спортшы қатысады ғой. Бірақ Қытай құрамасының сапында Таңатхан Тоқтарбек деген қандасымыз бар екен. 75 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған сол жігіт Токио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алып, жартылай финалға шығыпты.

Сөйтіп, жартылай финалда Әбілхан мен Таңатхан жұдырық түйістірді. Бойы мен қолы ұзындау Тоқтарбек Қазақ елі құрамасының серкесіне алыстан соққы жұмсап, ұпай жинауға кірісті. Аманқұл көбінесе оңтайлы сәтті күтіп, жүріп алғандай болды. Бәлкім, қателесерміз... Ал төрешілердің көбі жеңісті қызыл бұрыштағы қандасымызға беріпті.

Әбілхан екінші раундтан бастап, соққыларын дәлдеп және күштеніп сілтеуге тырысты. Мойындауымыз керек, Таңатхан төзімді екен. «Қыңқ» еткен жоқ. Әбілханның ауыр соққылары өзіне әсер етпегендей, ештеңе сездірмеуге тырысты. Бұдан әрі Қазақ елі саңлағының өзіне сенімді екені байқалып тұрды. Ол бірде шабуылдап, бірде қорғанып, бәрін де пайымдап отырды.

Осылай, Әбілхан Аманқұл өзінің қарымды екені паш етіп, жеңіске жетті. Есеп – 3:2 (29:28, 28:29, 28:29. 30:27. 30:27). Ал Таңатхан Әбілхандай айбынды боксшымен тайталасып, лайықты деңгейде қарсылық көрсете алғанына риза сияқты. Ол Токио Олимпиадасының Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы іріктеу турнирінде қола жүлдеге ие болды.