Әбілхан Аманқұл қаһар төгіп, Кахрамоновты үйіне қайтарды

8 наурыз 2020 ж.
Әбілхан Аманқұл қаһар төгіп, Кахрамоновты үйіне қайтарды

Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы лицензиялық турнирде Әбілхан Аманқұл Токио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. 75 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған күрзі жұдырықты қыранымыз өзбек Фанат Кахрамоновпен жұдырық түйістірді.

Жекпе-жек басталған бетте екеуі қарсы тұріп алып, бір-бірін қойғыштауды бастады. Екеуі де артқа шегінбей, оңтайлы сәтті қалт жібермеуге тырысты. Кахрамонов та қайсар екен, бірақ бір раунд қана төтеп берді. Одан кейін оның теңселіп кеткен қимылдары жиілей бастады.

Әбілхан Аманқұл тұрысын, шабуылын өзгертіп отыруға тырысты. Сәл дамылдап алып, бастырмалата соққылап, қарсыласынан асып түсті. Сөйтіп 5:0 (30:27, 29:28, 30:27, 30:27, 30:27) есебімен, яғни төрешілердің біроауызды шешімімен жеңіске жетті. Әрі Токио Олимпиадасының атаулы жолдамасына ие болды.

Негізі, кешкі сессияда екі қызымыз рингке шыққан. Олардың біреуі ұтылып, екіншісі жеңіске жетті. Әйелдер арасындағы 69 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Валентина Хальзова Қытай қызы Хон Гуден ұтылып (0:5), жартылай финалға шыға алмады. Ал 75 келіде бақ сынаған жас қызымыз Надежда Рябец Вьетанм аруы Ти Хуон Нгуен ұтып (5:0), Токио Олимпиадасының жолдамасына ие болды.