Әбілхан Аманқұл да Эумир Марсьялдан ұтылды

12 наурыз 2020 ж.
Әбілхан Аманқұл да Эумир Марсьялдан ұтылды
Фото - kfb.kz

Былтыр Екатеринбурта өткен әлем чемпионатында Тұрсынбай Құлахметті нокдаунға түсіріп, ұтып кеткен Эумир Марсьяль Амманда да Қазақ елі жанкүйерлерін қынжылтты. 75 келі салмақ дәрежесіндегі Филиппин саңлағы бұл жолы ұлттық құрамамыздың бетке ұстар серкесі Әбілхан Аманқұлдың жолын кесті. Токио Олимпиадасының лицензиялық турнирінде төрешілердің екі айырылған шешімімен жеңіске жетті.

Әбілхан мен Эумир Амман төріндегі жекпе-жек басталған бетте рингтің ортасына тұрып алып, бастарын түйістіріп, бірін-бірі ауыр соққыларымен қойғыштай бастады. Рингті айнала қашу деген мүлдем болған жоқ десек те, асыра сілтегендігіміз бола қоймас. Екеуінің де жаны сірі екен, бір-бірінің ауыр соққыларына төзді, төтеп берді. Сыр білдірген жоқ.

Марсьяль раундтың ортасынан бастап, соққыны көп жұмсауға тырысты. Ыңғай келсе, қалт жібермей, жұдырығын сілтейді. Аракідік бастырмалата ұрып та шабуылдады. Шалт қимылы мен жылдамдығына иек артты. Ал Әбілхан саннан гөрі сапаға көңіл бөлгендегісі ме, дәлдеп ұруға тырысты. Қарсыласын теңселтіп немесе есеңгіретіп, мысын басып тастағысы келгендей болды. Алайда Эумир «таяқ өтпейтін» көнбіс адам екен. Дес бермеді.

Рас, үшінші раундтың соңында Эумир сүрініп, артына қарай құлады. Бірақ Әбілханның соққысынан ба, әлде өзі шалынып жығылды ма, ажырату қиын. Біріншісінен гөрі екіншісінің ықтималдығы басым секілді. Әрі жандарында тұрған төреші де есеп ашпады. Яғни нокдаун емес. Бұл көмескі тартып бара жатқан үміттің соңғы жұрнағы еді...

Сонымен Эумир Марсьяль құламады да, есеңгіреп қалған да жоқ. Еңсесін тік ұстап, өзіне сенімді кейпінен айнымады. Әбілхан жекпе-жек тағдырын бір ғана соққымен шешіп кете алмады. Бірақ Филиппин батырының бетіне қызартып, таңба салып берді. Ал төрешілер жеңісті сәл ғна басымдықпен Марсьялға берді. Есеп – 2:3 (28:29, 27:30, 28:29, 29:28, 29:28).