Әбілхан Аманқұл – Аммандағы алғашқы-қазақы нокдаун

5 наурыз 2020 ж.
Әбілхан Аманқұл – Аммандағы алғашқы-қазақы нокдаун

2020 жылғы Токио Олимпиадасының Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы іріктеу турнирі мейілінше қыза түсті. Бүгінгі кешкі сессияда рингке 75 келі салмақ дәрежесіндегі Әбілхан Аманқұл шықты. Ол бірінші айналымда тәжік Бахтиор Мирзомухаммадты 4:1 есебімен ұтқан Корея үміті Джинсей Киммен жұдырық түйістірді.

Корея жігітінің қолдары ұзындау екен, бірден алға ентелеп, бірнеше соққысын дөп тигізді. Бұл Әбілханды қамшылай түскендей болды. Соққысы қуатты қайсар боксшымыз аңдысын аңдап жүріп, қарсыласын тоқпақтай бастады. Оның ауыр соққылары Корея боксшысы тоқ соққандай дір еткізіп, титықта бастады.

Екінші раундта Әбілханның пәрменді бір соққысынан кейін рингтегі төреші жекпе-жекті тоқтатып, есеп ашты. Нокдаун! Бірақ Ким әрі қарай жұдырықтасуға дайын екендігін білдіріп, намысты қолдан бермеуге тырысты. Жалпы, жаны сірі жігіт екен, жекпе-жектің соңына дейін табан тіресе айқасты.

Сөйтіп, бұл жекпе-жекте Әбілхан Аманқұл айқын басымдықпен жеңіске жетті. Есеп – 5:0 (30:27, 30:27, 30:26, 30:27, 30:26). Енді, ширек финалда өзбек боксшысы Фанат Кахрамоновпен кездеседі. Аммандағыв «қазақ-өзбек» боксшылары арасындағы өзара кездесудің біріншісі 8 наурыз күні өтеді. Біз Әбілханға жеңіс тілейміз.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін күндізгі сессияда 63 келі салмақ дәрежесіндегі Закир Сафиуллин жанкешті Қытай боксшысын ұтып, ширек финалға шықты. Ал 81 келі салмақта ел намысын қорғаған Бекзат Нұрдәулетов жаңазеландиялық Джероме Пампелонені жеңіп, ол да келесі кезеңге өтті.